"Адай ата" командасы Тараз қаласында өткен көкпар мен аударыспақтан ересектер арасындағы XXI ҚР чемпионатында күміс жүлде алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дүбірлі дода Жоғары және Бірінші лига командаларының арасында болды.
Бірінші лигада Алматы облысы, Маңғыстау облысы, Шымкент қаласы, БҚО, Павлодар облысы, СҚО, Қостанай облысы, Алматы қаласы, Ақтөбе облыстарынан келген 9 команда бақ сынасты.
«Жарыстың алғашқы күні Ақтөбе облысын 16:4 есебімен, екінші күні Қостанай облысын 18:2 есебімен ұтты. Екі күн демалыстан кейін Батыс Қазақстан облысымен болған ойын да 12:2 есебімен біздің пайдаға шешілді. Төртінші ойында Павлодар облысын 7:3 есебімен ұтып, жеңіліссіз 4 ойыннан кейін финалға шықтық», — дейді МО көкпар спортынан аға жаттықтырушы және команда капитаны Ермағамбетов Ербол.
Аталмыш жарыс 20-30 сәуір аралығында өтті. Бірінші лиганың жеңімпазы Алматы облысының командасы болса, екінші орын Маңғыстау облысының «Адай ата» командасына бұйырды. Қола жүлде Шымкент құрамасының еншісінде.
Ермағамбетов Ерболдың айтуынша, финалда Алматы облысына 6:4 есебімен есе жіберіп, команда екінші орынға табан тіреген.