Маңғыстау облысындағы ең жас әкім ауылда атқарылып жатқан істерді баяндады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Қуаныш Жәнібекұлының айтуынща, былтыр біраз жұмыс жасалған, биылға да біршама жоспар бар.
Атап өтсек, былтыр мәдениет үйі жөндеуден өтіп, «Полиция» тірек пункті салынған. Ондыға қарасты Бекі ауылының «Актив» желісі 3G-ге көтерілген. Қуаңшылық кезінде берілген субсидиядан ауыл тұрғындары 67 млн. теңге қаражат алған. Балалардың ойын алаңы да күрделі жөндеуден өткен. Бұған қоса, «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ демеушілік жасап, Қойлан(800 м), Бекі(1200 м), Кез(1200 м), Алтықыз(140 м) әулие-қауымдары мал кірмейтіндей болып қоршалған.
Биыл Ондыда дәрігерлік амбулатория салынды. Басқұдық, Бекі ауылдарына су құбыры тартылып жатыр, жұмыс жақын арада аяқталмақ. Сондай-ақ ауыл ішіне 4,8 шақырым асфальт төсеуге, спорт мектебін салуға, Дария су орталығынан 100 метр тереңдікте скважина қаздыруға ЖСҚ жасақталуда. Ауылдың бірнеше жылдан бері қордаланып қалған қоқыс алаңы тазаланып жатыр.
«Бұған қоса, «OSC» компаниясы орталық саябақтан 25 метрлік скважина қазып берді. «ҚаламқасМұнайГаз» мекемесінің көмегімен «Дария»-ға қарасты 2 ұңғыма тазаланды. Өзім осы Онды ауылында өсіп-өндім. Мемлекеттік қызметке орналасып, ауылыма еңбек сіңіріп жүргеніме қуаныштымын. 2007, 2017 жылдары Онды «Үздік ауыл» атағына ие болған. Былтыр сол мерейіміз еселеніп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстанның «Үздік 30 ауылы» қатарына кірді. Бұл - мен үшін де, ауылым үшін де мақтанарлық жайт. Еліме, ауылыма абыройлы қызмет ету - менің міндетім», - дейді ауыл әкімі Қ.Жәнібекұлы.