Қазір 18 мектепте 5 мыңнан астам бала үшінші ауысымда оқиды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасай отырып.
Соңғы 5 жылда оқушы саны 35 мыңға көбейген. Биыл өткен жылмен салыстырғанда бала саны 6 мыңға артқан.
- 2022 жылы 4 нысан пайдалануға беріледі. Олар: Ақтау қаласының 31А шағынауданындағы 1200 орындық жалпы білім беру мектебі; Мұнайлы ауданы Басқұдық елді мекенінде 600 орындық жалпы білім беру мектебі («Жаңа қоңыс» тұрғын массиві); Бейнеу ауданы Атамекен мектебіне 312 орындық жапсаржай; Бейнеу ауданы Күйкен атындағы орта мектепке қосымша бөлек корпус (312 орындық), - деді Гүлмира Мамаева.
Бұған қоса, тағы 3 нысанның: Ақтау қаласының 18-шағынауданында 1200 орындық; 19А шағынауданында 1200 орындық; Мұнайлы ауданы Басқұдық елді мекенінде де 1200 орындық жалпы білім беру мектептерінің құрылысы («Алау» тұрғын массиві) жүріп жатыр.
Жалпы 2025 жылға дейін 34 мектеп салып, үш ауысыммен оқу мәселесі түбегейлі шешілмек.