Облыс әкімі Ақтау қаласының индустриалды аймағында орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жобаларымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімідігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соның бірі - «Taza Likee» жобасы.
Кәсіпорын иесі Ирина Татиева Қазақстан, Өзбекстан және Ресей зауыттарымен макулатура, пластмасса, полиэтиленді қайта өңдеуге арналған шикізатты жеткізу бойынша келісімшарт жасасқан. Кәсіпорын бір жылдың ішінде 700 тоннаға жуық макулатура, 500 тонна полиэтилен, 200 тонна пластмассаны қайта өңдеген. Бүгінде онда 12 адам жұмыс істейді. Кәсіпкердің айтуынша, жұмысшы жетіспейді. Сондықтан қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын мамандарды жақсы жалақыға жұмысқа алуға дайын.
Аталған компания жоғары және төмен қысымды полиэтилен қалдықтарын өңдеу, тамшылатып сурау таспаларын өндіру желілерін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптайтын және қайта өңдейтін кәсіпорындар облыстың экологиясына оң әсер ететінін айта келе, оларды қолдау қажет екенін атап өтті.
Бүгінгі таңда облыста арнайы жоба бойынша салынған 7 полигон, санитарлық талаптарға сай келмейтін 16 полигон (шұңқыр) бар. Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаумен 11 жеке кәсіпкер айналысады. 2021 жылы тұрмыстық қалдықтардың 27 пайызы сұрыпталып, басқа облыстарға және көршілес мемлекеттерге өңдеуге жіберілді. 2022 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 28 пайызға жетті.
Қалдықтарды сұрыптау және бөлек жинау жұмыстары Ақтау, Жаңаөзен қалаларында және Бейнеу, Мұнайлы, Қарақия аудандарында жүргізіледі.