Ақтауда тұрғындар үшін баға көтерілмейді. Бұл туралы "Маңғыстау жарық" ЖШС директоры Ермек Дәулетпақов айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтау қаласында "Маңғыстау жарық" ЖШС бастамасымен Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданындағы тұтынушылар үшін электр энергиясына тарифті арттыру бойынша жария тыңдау өтті. Тыңдауды Маңғыстау облысы бойынша ТМРБД басшысы Жандос Сәлімов ашты, ол қатысушыларды күн тәртібімен, сондай-ақ жария тыңдауларды өткізу регламентімен таныстырды.
— Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 1 ақпандағы №36 бұйрығымен бекітілген қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларына сәйкес, осы көпшілік тыңдауды өткізу керектігі туралы хабарлаймыз. Бізге электр энергиясын бөлшек саудада өткізу бағасының сараптамасына "Маңғыстау Жарық" ЖШС энергиямен жабдықтаушы ұйымынан хабарлама, өтінім келіп түсті, — деп түсіндірді Жандос Сәлімов.
"Маңғыстау Жарық" ЖШС электр энергиясының шекті бағасына сараптама жүргізу үшін Департаментке ақпарат берді. Айта кету керек, бүгінгі таңда компанияның қолданыстағы тарифі 2019 жылдағыдан өзгермейді.
— Осы кезеңде, яғни 2019 жылдан бастап 2022 жылға дейін "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС тарифі бірнеше рет көтерілді. Биыл ҚҚС-сыз 12,12 теңгеден 1 кВт/сағ үшін ҚҚС-сыз 13,76 теңгеге жетті, жалпы тариф айырмашылығы ҚҚС-сыз 1,64 теңгені құрады. Бүгінгі күні өндірушінің тарифі 13,76 тг/кВтс құрайды. Осындай жағдай таратушы ұйымдарда да орын алған, — деді "Маңғыстау Жарық" ЖШС директоры Ермек Дәулетпақов.
Сондай-ақ, "ЖЭК бойынша РФО" ЖШС электр қуатын қамтамасыз ету бойынша қызметтерінің бағасы 2022 жылы ҚҚС-сыз 613 413 теңге/мегаваттан 711 432 теңге/мегаватқа дейін өсті. Бағаның өсуі "КЕГОК" АҚ-та да байқалады. 2022 жылы құны 2019 жылы ҚҚС-сыз 1 кВт/сағ үшін бұрын қолданылған 0,086 теңге кезінде 0,098 теңгені құрады.
Баға белгілеу қағидаларындағы 13 — қосымшаға сәйкес энергиямен жабдықтаушы ұйым шекті тарифті тұтынушылар тобына қарай саралауға құқылы: тұтынушылар тобы — электр энергиясын тауарды, жұмысты өндіруге (сатумен) және қызмет көрсетуге емес, өзінің тұрмыстық мұқтажы үшін пайдаланатын тұтынушылар; электр энергиясын тұрмыстық қажеттіліктерден басқа нәрсеге пайдаланатын заңды тұлғалар; мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын заңды тұлғалар.
— Қазіргі таңдағы жағдайды талдап, жергілікті атқарушы органдармен кездесулер өткізе отырып, компания басшылығы электр энергиясының бағасын көтерудің барлық ауыртпалығын кәсіпкерлерге салмай, тарифтер өсуінің негізгі үлесін бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарға бағыттау туралы шешім қабылдады. Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының тұрғындары үшін электр энергиясының құны өзгеріссіз қалады, — деді Ермек Дәулетпақов.