Облысымыз халықтың табиғи өсімі бойынша елдегі көшбасшы болып қала берді. 2022 жылдың үш айында Маңғыстау облысында 5200 сәби дүниеге келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Облыста сегіз акушерлік стационарда көмек көрсетілуде. Соның бірі – облыстық перинаталдық орталық – үшінші деңгейдегі көмек көрсету орны. Ал Жаңаөзен және Ақтау перзентханалары екінші деңгейдегі көмек көрсетеді. Қалған бес аурухана — Түпқараған, Қарақия, Маңғыстау, Бейнеу аудандары мен Жетібай ауылында орналасқан.
- Жыл сайын телемедицина арқылы республикамыздың білікті мамандары кеңес береді. Мәселен, 2021 жылы 43 телекөпір өтсе, 2020 жылы олардың саны жүзге жетті. 20 бала санитарлық авиациямен республикалық медициналық көмек көрсету орталықтарына жіберілді, — дейді облыстық «Ана мен бала» перинаталды орталығының басшысы Жапырақ Епенова.
Оның айтуынша, облыстық перинаталдық орталықта неонатальды ота, яғни кішкентай науқастардың ішкі мүшелеріне ота жасалған.
— Сонымен, 2021 жылы 21 балаға көмек көрсетілсе, биылдыққа екі ота жасалып, екеуі де сәтті өтті. 2020 жылдың ақпан айынан бастап Маңғыстау облысында инвазивті диагностика жүргізіле бастады. Бұл — өте күрделі диагностикалық зерттеулер, бірақ медицинаның үздік жетістігінің бірі. Зерттеу жүктілік кезінде жүргізілетін ұрықтың хромосомаларының саны мен құрылымын талдауға бағытталған. Осы жылдың басынан бастап пилоттық режимде жүзеге асыра бастадық. Сөйтіп, 3 ай бойы екі баланың анализін Молекулярлық медицина орталығына жібердік, - деп бөлісті маман.
Сондай-ақ, 2018 жылдан бастап Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» орталығы Ақтөбе медициналық академиясы мен С.Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық академиясының резидентура базасы болып бекітілгенін айтты. 2018 жылдан бері білім алған он маман қазір облыс орталығында еңбек етіп жатыр. Оның сегізі — акушер-гинеколог, екеуі — неонатолог. Облыстық акушерлік стационарлардың медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы 82 пайызды құрайды. Ана мен бала орталығы 93 пайызға жабдықталған.