Бірінші кезеңде облыс орталығындағы алғашқы алты шағын ауданда желілерді жаңғырту жұмыстары басталады. «Каспий жылу, су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен көшпелі жиын өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚЖСА басшысы Жасұлан Сүйіншіәлиевтің айтуынша, қазіргі таңда мекеменің мамандандырылған техникасы ескірген. Қалалық инженерлік желілердің жалпы ұзындығы 1232 шақырымды құрайды, оның 82 пайызы тозған.
– 1-шағынауданнан 29-шағынауданға дейінгі инженерлік желілер жаңарту қажет. Осыған орай, арнайы жоба әзірленіп, жұмыс тобы құрылды. Жобаны жүзеге асыру үшін қала бес аймаққа бөлінді. Барлық құбырларды жаңғыртуға шамамен 194 миллиард теңге қажет. Қазіргі таңда бірінші кезең бойынша 1 және 6-шағынаудан аралығындағы 67 шақырым құбырды диаметрі 220 см заманауи полиэтилен құбырына ауыстыру жоспарлануда. Жұмыс осы қарқынмен жүрсе, 2025 жылға дейін қаладағы ескірген құбырлардың барлығын ауыстырамыз», - деді Жасұлан Сүйіншіәлиев.
Аймақ басшысы аталған мәселелер Президент пен үкіметтің қолдауы арқылы шешілетінен атап өтті. Бұл шара – қаланың коммуналдық инфрақұрылымын жаңартуға және инженерлік желілердегі апаттар мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Өткен жылы құбырлардың ескіруі салдарынан 1500-ден астам апаттық жағдай орын алған. Бұл – орта есеппен күніне 5 апаттық оқиға болады деген сөз. Соның салдарынан тұрғындарды сумен және жылумен тұрақты қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр. Айта кететін жайт, 2018-2021 жылдар аралығында тарифтің төмендеуі мен тұтынушылардың төлемдерді уақытында төлемеуі салдарынан мекеме 422 миллион теңге көлемінде шығынға ұшыраған. Сондықтан кәсіпорын тұрақты жұмыс істеуі үшін тұрғындар коммуналдық төлемдерді дер кезінде төлеуі керек.
Жиын барысында аймақ басышысы қаладағы тұрғын үй құрылыстарының бей-берекет салынуынан, халық су мен жылу мәселесінде жиі қиындықтарға тап болатынын айтты.
– Қала әкіміне Ақтаудағы ретсіз құрылысты тоқтатуды тапсырамын. Қаланың коммуналдық қызметінің қуаты құрылыс қарқынына сай емес. Соның салдарынан тұрғындар зардап шегуде. Иә, біз қаланы көркейтуге үлес қосып жүрген кәсіпкерлерді құрметтейміз. Бірақ бұл мәселені шешпей, қаланың қарқынды дамуын ұйымдастыру қиын. Бірақ халықтың сапалы өмір сүруін қамтамасыз ететін әлеуметтік, кәсіпкерлік және т.б. нысандардың құрылысы жалғаса береді. Бізге тұрғындардан мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты көптеген шағым түседі. Сондықтан өткір шешімдер қабылдайық, – деді Нұрлан Ноғаев.
Сондай-ақ жиында 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымына дайындық мәселесі көтерілді. Айта кету керек, Ақтау қаласына 745 г/кал жылу қажет. Оның 500 г/кал жылуын «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» мекемесі өндіреді. Бүгінгі таңда жылу тапшылығы 245 г/кал құрайды. Бұл мәселені шешу үшін Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға қосымша қазандық салу үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Ол қаладағы жылу тапшылығын жояды деп күтілуде.
Сондай-ақ, облыс басшысы жауапты тұлғаларға меншік иелері бірлестігінің жылу беру маусымына дайындығын тексеру жұмысын күшейтуді тапсырды.