Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Аян Дүйсембаевтың төрағалығымен жедел кеңес өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ПД-на сілтеме жасап.
Оған басқарма басшыларының орынбасарлары мен қалалық, аудандық бөлім басшылары қатысты.
– Мемлекет басшысының «еститін мемлекет» тұжырымдамасын, «полицияға жаяу жүру» қағидатын іске асыру жөніндегі тапсырмасының орындалуы министрліктің ерекше бақылауында. Бұл – модульдік бағаналар, «паника түймелері» орнату, білім беру ұйымдарының бейнекамераларын полиция бөлімшелеріне қосу, патрульдік қызметті ұйымдастыру және сыбайлас жемқорлықпен күресу. Біздің басты міндетіміз - облыс азаматтарының өздерін қауіпсіз сезінуі. Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен «Балалар жылы» болып жарияланды.Осыған байланысты білім беру ұйымдары мен балабақшалардағы бейнебақылау камераларын полиция бөлімшелеріне қосуды тапсырамын. Біз үшін балалардың қауіпсіздігі маңызды, - деді Маңғыстау облысы бойынша ПД басқармасының басшысы Аян Дүйсембаев.
Ол өз сөзінде облыстағы жедел жағдайға тоқталып, қылмыс санының азаюына, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелеріне тоқталды.
11 сәуірде өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ескертулері мен министрдің жаңа бағытта жұмыс істеу талаптары айтылды.
Жедел кеңесте басқарма басшысы мәжіліске қатысушыларға министр жүктеген құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің басым бағыттарына жауапкершілікпен қарауды тапсырды.