8 сәуірде облыс басшысы Нұрлан Ноғаев Маңғыстау ауданындағы жұмыс сапарының үшінші күнінде өңір тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Есеп беру кездесуінде Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Қошмағанбетов 2021 жылға арналған жұмыс қорытындысын баяндап, ағымдағы жылдың жоспарларына тоқталды. Сонымен қатар жиналғандарды облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етіп, сауалдарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады.
Кездесуде тұрғындар жұмыспен қамту, жаңа мектептің қажеттілігі, су құбырларын тарту, жолдарды жөндеу, әлеуметтік қызмет көрсету, жалақыны көтеру, ұлттық спорт түрлері бойынша іс-шараларды қаржыландыру, т.б. мәселелерді көтерді.
Сонымен қатар, тұрғындарды тас жолдарды тез тоздыратын көп тонналық жүк көліктері алаңдатады. Тас жолдар ережеге сай 8 тоннадан аспайтын жүк тасуға және жеңіл көліктерге арналған. Бірақ тұрғындардың айтуынша, бұл талаптарды бәрі бірдей орындай бермейді. Ара-тұра облыс үшін маңызды негізгі жолдардан қиыршық тас тиеген 40 тонналық жүк көліктері өтеді. Аталған мәселені шешу үшін аймақ басшысы тұрғындарды бірігіп өзін-өзі реттейтін қоғам құруға шақырды.
-Әр Шахман көлігіне көлік инспекциясының, жол полициясының, әкімдіктің, экология департаментінің өкілдерін байлап қоя алмаймыз. Жүк көлік иелері де облысымыздың тұрғындары. Олар да осы кәсіп арқылы отбасын асырап отыр, біріміздің әкеміз, біріміздің ағамыз, енді біріміздің досымыз. Бөтен адамдар емес. Сондықтан біз өзін-өзі реттейтін жүйе қалыптастыруымыз керек. «Жаңа Қазақстанның» ұстанымы да сол. Қоғам өзін-өзі реттеуі тиіс. Және билікті соған бағыттау керек, – деді Нұрлан Ноғаев.