Бүгінгі күні техникалық құралдарды пайдаланбай құқықтық тәртіпті сақтау мүмкін емес. Маңғыстау облысында тәулік бойы Ақтау және Жаңаөзен қалаларында 936 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, оның 694-і облыс орталығында орнатылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аймақтың полиция департаментіне сілтеме жасап.
"102" жедел арнасына хабарламалар мен қоңыраулар қабылдау, камералар бойынша көшелер мен қоғамдық орындардағы жағдайға мониторинг жүргізу, полиция патрульдерінің күштері мен құралдарын үйлестіру үшін орталықта тәулік бойы кезекші ауысым қызмет атқарады. Үш ай ішінде "102" пультіне 60 мыңнан астам қоңырау түсті. Тек алдын алудың ғана емес, сонымен қатар қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ашудың тиімді тетігі бейнебақылау жүйесі болып табылады.
Жыл басынан бері облыс орталығында полиция камераларының көмегімен 6659 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 3643 жол қозғалысы ережелерін бұзу, сондай-ақ қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішудің 500-ден астам фактісі. Сондай-ақ қылмыстарды ашуға ықпал ететін 52 факт анықталды. Оның ішінде 9 ұрлық және 10 бұзақылық фактілері. Жалпы, облыс бойынша камералардың көмегімен 10000-нан астам құқық бұзушылық анықталып, 63 қылмыс ашылды.
Бүгінгі күні Ақтау қаласының жедел басқару орталығына 23 хабарлама келіп түсті, оның ішінде – 1 бейнехабар , қалғандары – мәтін ретінде жазылған хабарлама. Полицейлердің құқық бұзушылықтар туралы мәтіндік хабарламалар мен фото-бейне материалдарды омниканалдық байланыс қағидаты бойынша қабылдауы "102" мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады (ҚР ІІМ App Store немесе Google Play-ден жүктеуге болатын ресми қосымшасы).
Маңғыстау облысының полиция департаменті егер сіз қылмыстың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу полицияға жүгінуге шақырады. Жәбірленушінің уақтылы жүгінуі көбінесе қылмыстың ізін суытпай ашуға мүмкіндік береді.