Бүгін, 3 наурыз күні Ақтауда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен тас жолда велосипед спортынан республикалық чемпионаттың жаңа маусымы ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық әкімдікке сілтеме жасап.
Аймақ басшысы топтық жарыс бойынша жүлделі орындарға ие болған велошабандоздарды құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мықты қоғам қалыптастыру үшін әр қазақстандықтың бойы ширақ, ойы озық, бәсекеге қабілетті болуы қажет деген. Президенттің тапсырмасын орындау бағытында еліміздің барлық аймағында спортпен шұғылдануға жағдай жасалған. Біз де өз тарапымыздан жастарды спортқа тартуға, салауатты өмір салтын ұстануға, бұқаралық спортты дамытуға бар күш жігерімізді саламыз. Бүгінгі спорттық додаға қатысқан әр қатысушыға алғысымызды білдіріп, сәттілік тілейміз,- деді Нұрлан Ноғаев.
Салтанатты шара «Ақбота» саябағының тас жолында 30 шақырымға әйелдер, 40 шақырымға ерлер арасында критериум бойынша жарыспен жалғасты.
Ел біріншілігі 31 наурыз - 3 сәуір аралығында өтті. Чемпионаттың алғашқы күні Ақтау-Риксос бағытының автотрассасында 18 шақырымға ерлер, 12 шақырымға әйелдер командалық эстафетасі өтті. Екінші күні осы бағыттағы тас жолда жекелей жарыс 25 шақырымға ерлер, 20 шақырымға әйелдер, сондай-ақ параолимпиадашылар арасында жекелей жарыс 15 шақырымда өтті.
Ал үшінші күні «Ақтау-Жетібай» тас жолында топтық жарыс өткізілді. Оған ерлер 120 шақырым, әйелдер 70 шақырым және әуесқойлар 40 шақырым бойынша қатысты.
Айта кетейік, жарысқа еліміздің 12 облысынан, 150-ден астам спортшы қатысты. Дода кәсіби ерлер, кәсіби әйелдер, сондай-ақ әуесқойлар мен параолимпиадалық спортшылар арасында өтті.