Ұлыстың ұлы күніне орай облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы «Әлем АРТ» галереясымен бірлесіп «Наурыз нақыштары» атты Арт-Экспресс шарасын ұйымдастырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шараға облыстың аудан, қалаларының суретшілері, қала жұртшылығы, өнер қызметкерлері қатысты.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Пания Оңалбайқызы шараны ашылу салтанатында наурыз мерекесімен құттықтап, көрмеге сәттілік тіледі.
Көрмеге шебер суретші, бүгінгі Қазақстан кескіндемесіндегі беделді өкілдерінің бірі, белгілі тұлға «Әлем Арт» галереясының негізін қалаушы Айтбай Құлбайдың, әке ізін жалғастырушы, қазіргі галереяның басшысы Бақытжан Құлбаевтың және аудан, қалалардан 18 суретшінің туындылары қойылды.
Галерея басшысы Бақытжан Құлбаев шараға қатысушыларды көрмемен таныстырып өтсе, орталықтың вокалды студиясының әншілері және күйші өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ән мен күйден шашу шашты.
Шараның қорытындысымен көрмеге қатысқан аудан, қалалардың суретшілеріне Алғыс хат және каталог табысталды.
Айта кетейік, «Әлем Арт» галереясы бүгінде мемлекеттік шығармашылық тапсырыспен 180 жас жеткіншектерді бірнеше бағытта қамтып, оқытып келеді.