Өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған шараға облыс әкімі, Мемлекеттік органдардың басшылары және «Маңғышлақ эксперименттік ботаникалық бағы» РМК мамандары қатысты.
Қалаға егілген ағаштар ботаникалық бақта ғылыми тәжірибеден өтіп, жергілікті жерді жерсінген көшеттер. Ботаникалық бақтың директоры Ақжүніс Иманбаева ағаштардың өсіп, өнуі бақылауда болатынын айтты.
-Бүгін біз қалаға қырым қарағайы ағашын егіп жатырмыз. Біздің қалада өсімдіктің бұл түрі өте аз. Жалпы қалада ағаш егу жұмыстары ақпан айында басталды. Маңғыстау эксперименттік ботаникалық бағы түрлі сұрыптағы ағаштардың қай жерге егілуін, қалай отырғызу жөнінде ғылыми-әдістемелік кеңестер береді. Жаз мезгілінде ботаникалық бақ осы жасыл желектерді күту алгоритмін бақылайтын болады,-деді Ақжүніс Иманбаева.
Бұған дейін қалада 1500 дана шығыс биотусы, 2500 дана айлант, шаған, Кельрейтерия сында ағаш тектес өсімдіктер егілді. Наурыз айының аяғына дейін 2200 қылқан жапырақты ағаштар отырғызылады. Ал, сәуір айында үш мыңға жуық біржылдық және көпжылдық гүлдер егу жоспарланып отыр.