Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы Шахмардан Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің қолдауымен Иранның мәдениеті мен дәстүрін көрсететін көрме ұйымдастырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Шараны бастаған Иран Ислам Республикасының Ақтаудағы бас консулы Хабиболла Малакути Фар көрменің Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып жатқанын ерекше атап өтті. Ол бұл мейрам - әр адамға жақындарымен бірге етене тойлап, достарға қонаққа барып, сыйлықтар беретін ерекше күн деді.
Наурыз – іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі. Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы – Наурыз мейрамы туған жер топырағына құт - береке әкелсін!, - дейді Хабиболла Малакути Фар.
Көрмеде қонақтар Иранның мәдениетімен, Мазандаран провинциясынан жеткізілген қолдан жасалған бұйымдарымен танысты.