© Фото zhaiykpress.kz
Сәуір айынан бастап Ақтау мен Мұнайлы ауданының арасында қатынайтын автобустарға электронды жолақы төлеу жүйесі енгізіледі. Бұл туралы облыс әкімдігінің телеграм каналына жолданған сұраққа берілген жауапта айтылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Желі қолданушысы Ақтау мен Мұнайлы ауданы арасында қатынайтын автобустарда QR кодтың жоқ екенін айтып, шағымданған болатын. Тұрғынның сауалына Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері дер кезінде жауап берді.
Жауаптылардың мәліметінше, биыл қаңтар айынан бастап Ақтау қаласынан Мұнайлы мен Түпқараған ауданына қатынайтын ауданаралық маршруттардың ішіне электронды жолақы төлеу жүйесін енгізу қолға алынған. Жоспарға сәйкес, сәуір айында №103 «Ақтау-Қызылтөбе-Ақтау», №104 «Ақтау-Атамекен-Ақтау» және №106 «Ақтау-Баянды-Ақтау» маршрутындағы автобустарға электронды жолақы төлеу жүйесі енгізіледі дейді жауаптылар.
Тұрғындар бұған дейін облыс әкімдігінің телеграм каналында автобустардың мәселесін жиі көтеріп жүр. Көбісі сұрағына тұшымды жауап алды. Күні кеше электронды жолақы мәселесіне қатысты жолданған сауалға дер кезінде жауап берілді. Бүгінгі таңда облыс әкімдігінің телеграм каналына 4658 сұрақ келіп түсті. Оның ішінде 4630 сұраққа жауап берілді. Телеграмм каналға 9052 адам тіркелген. Облыс әкімдігінің телеграм каналы тұрғындардың кез-келген өзекті мәселені қозғап, жауапты мекеме өкілдерінен жедел түрде жауабын алатын алаңға айналған, - деді МО ӘА «Қоғамдық коммуникация орталығы» КММ мониторинг бөлімінің маманы Ақсән Әбиева.