Облыстық қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобы тоғыз адамнан тұрады. Облыстық мәслихат депутаты, Қоғамдық кеңестің құрамын қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Аббат Өрісбаевтың айтуынша, негізінен үміткерлердің қоғамдағы белсенділігіне, жалпы жұмыс өтіліне, тәжірибесіне баса назар аударылған. Жалпы 70-тен аса кандидат өтінім берген. Бүгінгі таңда 40-тан аса үміткермен әңгімелесу өткен.
- Біздің ұстаным ашықтық. Сондықтан үміткерлермен әңгімелесу алғаш рет тікелей эфирде ашық форматта өтіп жатыр. Үміткерді таңдау бірнеше кезеңнен тұрады. Өздерін бағалау жүйесі бар. Одан басқа ғылыми атағы, авторлық жобалары бар үміткерлерге басымдық беріледі. Сондай-ақ қоғамдық жобаларға қатысып, кез-келген мәселенің оң шешім табуына атсалысқандарды да қарастырамыз. Үміткерді таңдағанда оның халықпен қаншалықты тығыз байланыста болғанына көңіл бөлініп жатыр. Қазіргі таңда қоғамдық кеңеске үлкен үміт артылады. Әсіресе елдің ішіндегі көптеген мәселелерді билікке жеткізе алатын белсенді азаматтарды тартуды көздейміз, - деді Аббат Өрісбаев.
Кеңеске таңдалатын адамдар қоғамды толғандыратын мәселелерді шешуде билікке мәдениетті түрде ұсыныстарын беріп, тиісті атқарушы органдармен бірігіп жұмыс істеу қажет.