Ақтауда Амал мерекесіне орай өңір жастары мен волонтерлар қала тұрғындары мен қонақтарын мейраммен құттықтап, тәтті сыйлықтар ұсынды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жастар орталық көшелер мен адам көп шоғырланатын орындарға барып, “Жыл құтты болсын” атауымен дайындалған тәттілерді үлестірді.
Біздің мақсатымыз – қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау, қыстан аман шыққан ағайынмен көрісіп, амандық-саулық сұрасу,- дейді шараны ұйымдастырушылар.
Сондай-ақ, шара барысында жастар өңірдегі бірнеше аз қамтылған және көпбалалы отбасыға да тәттілер салынған қоржынды сыйға берді. Осылайша, волонтерлар базарлықпен балаларды қуантып, тұрғындардың алғысына бөленді.
Амал мерекесін ел асыға күтеді. Себебі, Амал - адамдардың бір-бірімен төс қағыстырып, қол алысып, саулығын білетін, жадырап күлетін, өкпе-ренішті ұмытатын сәт. Бұл күнді халқымыз ежелден "Амал келді - Жыл келді!" деп құттықтап, жақсы тілек айтып, дастарқан жайып, молшылықпен өткізген. Наурыздың бастауы болған Амал мерекесі құтты болсын! Жыл жақсылығымен келсін!, - деді Маңғыстау облысы жастар ресурстық орталығының мамандары.