Көпбалалы ананың мәселесі 2012 жылы жолдасымен ажырасқаннан кейін басталған. Әкімдікке арызданып, кәмелет жасқа толмаған 4 баласымен бірге жергілікті тұрғын үй қорынан пәтер алуға кезекке қоюды сұраған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2012 жылы көп балалы ананың арызы Ақтау қаласы әкімдігінің тұрғын үй комиссиясында қаралып, отбасы «толық емес отбасы» санаты бойынша үй кезегіне қойылған. Көпбалалы ананың кезекте тұрғанына 10 жыл өткен.
Көпбалалы ана әкімдіктің тұрғын үй комиссиясынан «көпбалалы отбасы» санатымен кезекке қоюды сұрағанына қарамастан, «толық емес отбасы» ретінде кезекке қойғанын, егер әкімдік кезекке дұрыс қойғанда осы күні кезегі бойынша пәтер алуына мүмкіндігі болғанын біліп, қалалық әкімдікке жүгінген.
Алайда, әкімдіктен көпбалалы ана, өзіңіз «толық емес отбасы» ретінде кезекке қоюды сұрадыңыз, көмектесе алмаймыз»,- деген жауап алған.
Осыдан кейін амалы таусылған ана Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жүгініп, осы жағдайда көрсеткен. Бірақ, оның талап қоюы дұрыс жазылмаған, яғни іс бойынша қажетті құжаттар мен дәлелдемелер тіркелмеген, сонымен қатар құжаттармен тиісті түрде таныстырмау салдарынан сотқа жүгіну мерзімі өтіп кеткен.
Сот отырыстары соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылып, барлық 10 жыл бұрынғы құжаттар мен дәлелдемелер тиісті мекемелердің мұрағаттарынан сұратылып алынған. Сот өз тарапынан көпбалалы анаға дұрыс жазылмаған талап қоюын дұрыстатып, жіберілген олқылықтарды жоюға жәрдем көрсеткен. Іс бойынша судья өзінің алдына-ала құқықтық пікірін білдіріп, өткізіліп алынған талап қою мерзімін қалпына келтірген.
Көпбалалы ана «көп балалы отбасы» санаты бойынша үй кезегіне тұруға толықтай құқылы болғандықтан, оны әкімдік осы санатта кезекке қоюға міндетті еді. Бірақ, қалалық әкімдіктің тұрғын үй комисиясы белгісіз себептермен «толық емес отбасы» ретінде үй кезегіне қойған.
Cот шешімді көпбалалы отбасының пайдасына қабылдап, Ақтау қаласы әкімдігін баспанаға мұқтаж отбасын «көпбалалы отбасы» санаты бойынша 2012 жылдан бастап кезекке қоюды міндеттеген. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша Ақтау қаласы әкіміне қатысты жеке ұйғарым қабылданған. Сот шешімін орындау үшін бір ай мерзім беріледі, оның орындалуы соттың бақылауында болады. Сот шешімі орындалмаған жағдайда сот тарапынан барлық мәжбүрлеу шаралары қолданып, қылмыстық жауапкершілікке тартуға шаралар алынуы мүмкін.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.