Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов мектептерде үш ауысымды оқытуды жою мәселесі өзекті екенін айтты. Себебі, ауданда туу көрсеткіші жоғары және басқа өңірден көшіп келушілер саны артып келеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Атамекен және Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары үш ауысымда оқиды. Осы мәселені шешу мақсатында 2020 жылы Бейнеу ауылындағы Ж.Қалдығараев және Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінде үш ауысымды оқудың алдын алу үшін 312 орындық қосымша құрылысы салынып, 2021 жылдың қаңтар айында іске қосылды. Сонымен қатар, Күйкен жалпы білім беретін мектебінде үш ауысымды оқуды болдырмау мақсатында 312 орындық қосымша ғимаратының құрылысы маусым айында басталды. Келесі оқу жылына пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұдан бөлек, Бейнеу ауылындағы Атамекен жалпы білім беретін мектебіне 312 орындық бөлек тұрған оқу корпусының құрылыс жұмыстары басталды, - деді Бейнеубек Әбілов.
Жалпы ауданда 2 колледж, 24 мектеп, оның ішінде 6 мектеп-бөбекжай бар. Қазіргі таңда аудан мектептерінде 18 918 оқушы, 2 колледжде 1059 студент білім алуда.
Ауданда 2021 жылы білім саласына 11,8 млн теңге қаражат қаралған. Сондай-ақ, былтыр Есет, Махутов, Жанкелдин, М.Бегенов мектептерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 18,5 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы мектептерде 63,1 млн теңгеге 3 жаңа модификацияланған (физика, химия, биология) кабинеттер ашылды.