Редакциямызға тұрғындар Мұнайлы ауданындағы жөндеу көрмеген жолдарға шағым білдіріп видео жолдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Видео жолдаған азаматтың сөзінше, Химия-гидрометаллургиялық зауыт пен Адай базасының арасындағы жолда шұрық-тесік көп. Одан бөлек, Адай базасынан Шерқала тұрғын-массивіне өтетін жолдағы темір жол өткелінен автокөлікпен өту қиындық тудырады. Ал, Атамекен ауылындағы № 7 мектепке барар жолдың жағдайы тіптен нашар.
Мұнай ауданының әкімдігі аудандағы ескі жолдарды жөндеу жоспары жөнінде жауап берді.
- Адай базасынан Шерқала тұрғын массивіне өтетін темір жол өткеліндегі жолға жөндеу жұмыстары наурыз айынан бастап жалғасады. Ал Атамекен ауылдық округіндегі орталық автомобиль жолына қайта құрылымдау жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жариялауға берілді. Қаражат мәселесі толық шешілген жағдайда құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Химия-гидрометаллургиялық зауытынан Адай базасына дейінгі автомобиль жолын кеңейту, қайта құрылымдау мақсатында жобалық-сметалық құжаттары жасақталып жатыр. Жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, сараптама қорытындысы алынғаннан кейін қаражат бөлуге ұсыныс беріледі. Құрылыс жұмыстары басталғанға дейін автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстары есебінен ой- шұқырларды жамау жұмыстары жүргізілетін болады, - деді Мұнайлы ауданының әкімдігінде.