Ақтауда мектеп кітапханалары арасында «Үздік кітап оқитын мектеп» облыстық байқауы өтті. Шараның мақсаты - «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру аясында жалпы білім беретін мектептердің кітапханаларының заманауи ақпараттық мәдениетін қалыптастыру, шығармашылық бастамаларын дамыту, кітапханашылардың кәсіби шеберлігін арттыруға ықпал ету.
Байқауға аудандық, қалалық кезеңнен іріктелген 7 мектеп қатысты.
Байқаудың қазылар алқасы ережедегі критерийлер бойынша талапқа сай ресімделген Мұнайлы, Бейнеу ауданы мен Ақтау қаласынан қатысқан мектептердің еңбегін атап өтті.
Қазылар алқасы электронды базасы, электронды оқулықтары, вебсайт, өтілген шаралары мен оқырмандар туралы деректердің толықтығына, мазмұндылығы жағынан сапалы жұмыстарға мән беріп сол бағытта бағалауға басымдық берді. Көптеген кітапханаларда оқырмандар оқушылармен және мұғалімдермен жұмыстағы бірізділік, жүйелі жұмыстар жолға қойылып, техникалық құралдармен қамтылған. Сондай-ақ байқауда портфолио рәсімделуі, кітапханашы маманның өз пікірін жеткізуіне аса мән берілді.
«Үздік кітап оқитын мектеп» облыстық байқауының қорытындысы бойынша
І орынды – Мұнайлы ауданындағы Шоғы Мұңалұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің кітапханашысы Ақкүл Көздібаева алса, ІІ орынды – Бейнеу ауданынан келген Бейнеу жалпы білім беретін мектептің кітапханашы Гүлзира Сармысова иеленді. Ал ІІІ орынды – Ақтау қаласындағы Ф.Оңғарсынова атындағы №29 жалпы білім беретін мектептің кітапханашысы Люция Кенжеғалиева алды.
Жеңімпаз мектептер арнайы дипломдармен марапатталды.