Ақтауда облыстық Қадыр оқулары байқауы өтті. Шараға қала, аудандардан келген 28 оқушы қатысты. Қатысушылар үш номинация бойынша бағын сынады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сөздің бәрі құдіретті» номинациясында бас жүлдені Жаңаөзен қаласынан келген Қабиболла Ақжол қанжығасына байлады.
- Биылғы Қадыр оқулары қызықты өтті. Мен бұл жарыстан шығармашылық рух алдым. Қадыр Мырза Әлі атамның өмірін де, өлеңін де үлгі тұтамын, - деді Қабиболла Ақжол.
Ал «Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, кейбір жырым бақташы боп жүр маңда»номинациясы бойынша мұнайлылық 8-сынып оқушысы Мәдениет Саматұлы үздіктер қатарынан көрінді.
«Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін» номинациясында бас жүлдені Маңғыстау ауданынан келген 11-сынып оқушысы Жанарыс Әскербаевқа бұйырды. Әр номинациядан жүлделі орын алған оқушыларға арнайы марапат табысталды. Қарсыласынан оза шауып, суырылып шыққан оқушылар енді республикалық Қадыр оқулары байқауында облыстың намысын қорғайды.
-Балалар жарысқа сақадай сай келген. Байқаудың басты мақсаты - оқушылардың поэзияға деген қызығушылығын арттыру, баланың шығармашылық қабілетін шыңдау, әдеби тіл байлығын дамыту, көркем сөз оқу шеберлігін шыңдай түсу. Қазіргідей жаһанданған заманда мұндай шаралар ауқымды түрде ұйымдастырылуы қажет, - деді шара ұйымдастырушы, «Дарын» білім орталығының басшысы Несібелі Қуатова.