© Inform.kz
Спутниктен алынған мәліметке сәйкес, Ақтауда 31 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны болған. Қазірдің өзінде 18 полигон тазаланған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қазір Ақтаудың жаңа шағын аудандарындағы әрбір бос орын қоқыс алаңына айналып жатыр.
«Бұл жерді қоқыс алаңына айналдырып отырған әкімдік емес, тұрғындардың өзі үйіне жөндеу жасаған соң қоқысын сол жерге апарып тастайды. 19 шағын ауданда тазалау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Үш күннің ішінде 44 жүк көлігімен қоқыс шығарылды. Бұл тек он пайызы ғана. Бұл жерде тұрғындар ойлануы керек", - деді Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Қала әкімінің айтуынша, коммуналдық қызметкерлер әуежайға баратын жолды кем дегенде бір апта бойы тазаламаса, онда міндетті түрде қоқыс тау болып үйіледі.
«Бұл аспаннан түскен қоқыс емес, Баянды ауылынан әкеледі. Қоқыс өңдейтін зауыт қажет екені түсінікті. Бұған ниетті бірнеше инвестор болды, бірақ нақты басталған іс жоқ. Мұндай зауыттарды салумен айналысатын компания өкілдері осында келуі керек. Біз оларға жер ұсынамыз. Бір компания келіп, МАЭК-тың маңындағы жер сұрады. Баянды полигонының жанында жер бар ғой. Сондықтан, біз олардың ұсынысынан бас тарттық. Біз бос отырған жоқпыз, инвесторларға ұсынып жатырмыз. Инженерлік желілермен бюджет есебінен қамтамасыз етеміз, барлық жағдай жасауға дайынбыз", - деді қала басшысы.