Нұрлан Ноғаев құрылыс компанияларының басшыларымен кездесу барысында үлескердің де мәселесін атап өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Нұрлан Асқарұлы баспанасыз қаламыз ба деп алаңдайтын жүздеген адам алаяқ компаниялардың арбауына түскенінен хабардар екенін айтты.
- Маған, менің әріптестеріме үй құрылысын аяқтауды компанияларға міндеттеуді сұрап күніне бірнеше адам хабарласады. Қолмен жасағанды мойынмен көтеріңіздер. Шамаларыңыз келмесе міндеттеме алмаңыздар. Осындай мәселенің алдын алу үшін жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшыларында барлық мүмкіндік бар, жұмыстаныңыздар, - деді Нұрлан Ноғаев.
Оқи отырыңыз: Коммуналдық мәселелер: Қайда шағымдануға болады?
Сонымен қоса, облыс әкімі Президент тапсырмасына сай, игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару керек екенін айтты. Осы орайда орынбасары Ғалымжан Ниязовқа облыс көлеміндегі бос жерлерге мониторинг жүргізіп, кері қайтаруды тапсырды. Заң аясында әрекет етіп, бұл мәселеде босаңсуға болмайтынын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Шетпе ауылы маңындағы карьердің жылдар бойы қордаланған мәселесін де қозғады.
- Тұрғындар тарапынан Шетпе маңындағы карьерге қатысты да шағым түсті. Қиыршық тас өндіретін карьерлерден шаң көтеріліп, адам денсаулығына зиян келтіріп жатқанын айтуда. Тексеру жүргізіңіздер. Мұнда прокуратура өкілдері отыр, солармен бірлесіп, заң аясында тиісті шара қолданыңыздар, - деп қорытындылады Нұрлан Ноғаев.