Рауанды мен танығалы жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Ол кезде Ақтау қаласындағы №23 өкпе ауруынан сауықтыру балабақшасының директоры Любовь Буянова деген орыс әйел де, Рауан қазақ тілді топтардың әдіскері болатын. Өзім облыстық телерадио корпорациясында журналиспін. 2000 жылдың бас кезінде туберкулез ауруы өршіп тұрған уақыт. Өзекті тақырып болғасын туберкелезге қарсы шаралар, жұртшылықты осы ауру жайында ақпараттандыру керек. Сондықтан осы №23 балабақшаға жиі барып, түсіретінбіз. Сонда Любовь Петровна орыс тілінде сұхбат береді де, қазақшаның барлығын Рауанның мойнына іліп тастайтын. Рауан да қысылмайды, бейне бір осы мекеменің басшысы сияқты, бүкіл мәселелердің барлығын, балабақшаның жай-жапсарын қалдырмай айтып беретін. Қойған сұрақтарға да басшыдан кем жауап бермейді. Қарапайым әдіскер бола тұрып, туберкулез ауруына, бала тәрбиесіне қатысты, басқа да әлеуметтік жайттарды, мекеменің ұңғыл-шұңғылына дейін жақсы білетініне іштей риза болып әрі қайран қалатынмын.
Ал бүгінде Рауан Ағзамқызы осы балабақшаның директоры. Бірақ, қазір бұл балақшаның атауы № 23 «Ақмоншақ» бөбекжайы болып өзгерген, соған сай көтерер жүгі де өзгеше. Осында табан аудармастан 22 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Рауан Берішбаева Форт-Шевченко қаласында туған. Тұлымшағы желбіреп, бал-дәурен шағын сонда өткізген ол 1992 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) педагогикалық институтының биология факультетін бітіріп, Маңғыстауға биология пәнінің мұғалімі болып оралды. Сол жылдары облыс орталығында екі-ақ қазақтілді мектеп бар еді. Бұл мектептерден бос орын табылмағасын, жаңадан ашылып жатқан Жетібай бұрғылау жұмыстары басқармасының, яғни мұнайшылар балаларына арналған №56 балабақшаға тәрбиеші болып орналасады.
Алғашқы еңбек жолын бастаған мекеме оған осы күнгі дейін ыстық. Оның үстіне бұл жерде жалақы да жақсы болды, мұнайшылармен бірдей болмағанымен, соған жақын табыс тауып, сыйақыларын да алып тұрды.
Рауан жұмыс істеп жүрген мұнайшылар балабақшасы 1998 жылы сол уақыттағы жағдайға орай жабылып қалған соң Алматы «Қайнар» университетінің Ақтау филиалына мұғалім болып барады. Бұл кезде ол Ақтаудағы Есенов атындағы мемлекеттік университетінде мектепке дейінгі педагогика және психология мұғалімі, МД тәрбие әдіскері мамандығына сырттай оқып жүрген-ді. Кішкентай балапандарға әбден бауыр басып қалған Рауан бозбала-бойжеткендермен жұмыс жасауды ыңғайсыз сезініп, бір жылдан соң қолына екінші дипломын алып, №23 өкпе ауруынан сауықтыру балабақшасына қазақ тілді топтардың әдіскері болып ауысады. Ол жылдары қазақ тілін жетік білетін мамандар аса қажет еді.
Өзгенің баласын да өз баласынан кем көрмеді. Мұнда келетін балалар отбасында туберкулезбен ауыратын адамдары бар, яғни, осындай диагнозы бар ата-ана, бауырларымен жақын қарым-қатынаста болған балалар болғандықтан жұмыс та күрделірек еді. Олардан ауру жұға ма деп күдіктенбеді, ешқайсынан жиіркенбеді, әсіресе, әке-шешесі тубдиспансерде жатқан балаларға деген мейірімі ерекше-тұғын.
- Санаторлық балабақшада балаларды емдеу-сауықтыру бойынша мемлекеттік тапсырысты орындадық және медициналық персонал да көбірек, екі дәрігер, үш медбике 200 балаға қызмет көрсетті, - деп еске алады Р.Берішбаева. - Балаларға ем жасалды, мектепке даярладық. Барлық қызметтер мемлекет тарапынан тегін көрсетілді. Уақыт талабы шығар, қазір санаторлық балабақша «Ақмоншақ» бөбекжайына ауысты. Ұжымдағы мамандарымыздың барлығы да білікті, тәжірибелі.
Ұзақ жылдар бойы жұмыстың ыстық-суығын бірдей көріп келе жатқан бұл ұжым бір-бірімен туған туыстай болып кеткен. Тіл-көзден аулақ, біріне бірі көмектесіп, білмегенін үйретіп жүретін ұйымшыл, қызметіне адал әйел-қыздар шетінен.
Ұжымын бір кісідей жұмылдыра білген Рауан жыл сайын біліктілігін жетілдіру курстарында оқып, сертификаттар иеленді. Оның еңбегі лайықты бағаланып, марапатталып та жүр. Қазақстан Республикасының Президентінің Қ.Тоқаевтың, Білім және ғылым министрлігінің, «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының, Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хаттары мен обылыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасын» алған Р.Берішбаева ҚР Ұлттық бизнес орталығының «Қазақстан экономикасының Даңқ жұлдызы» орденімен марапатталды. 2014 жылы осы орталықтың «Сала көшбасшысы-2014» ұлттық сертификатына ие болды. Сондай-ақ оның бірнеше жұмыс тәжірибесі өңір бойынша таратылды.
Балабақша директоры мен ол басқарған ұжымға ата-аналар да дән риза. Олар ұрпағының бойына адалдықтың, тазалықтың нәрін беріп, мәдениетті үйретіп, жақсылыққа баулитын тәрбиешілерге әрдайым жылы лебіздерін жеткізуден жалыққан емес.
- Менің балаларым Зарина мен Арон осы Ақ моншақ балабақшасына барған болатын,-дейді Гүлданай Досумова.-Балабақшаның басшысы Рауан Ағзамқызы мен тәрбиешілерге шексіз рахметімді айтамын. Олардың барлығы өз ісінің шебері, жоғары денгейлі мамандар. Баларым балабақшадан көп нәрсені біліп, үйреніп, түйіп шықты. Камшат Озғанбаева, Гүлмира Нұрмағанбетова, Ажархан Исатаева секілді керемет жандардан ең алғашқы тәлім-тәрбиесін алғаны үшін қуаныштымын. Қазір ұлым Арон 0-сыныбына барып, балабақшадан алған білімін ары қарай жалғастырып жүр. Ұстазынан баланың үлгерімі өте жақсы деген сөзді жиі естимін. Ата-ана үшін бұл зор мақтаныш емес пе?
- Қызым Адина Липинская «Акмоншақ» бөбекжайында тәрбиеленді. Бүгінде 1-сыныпта оқып жүрген қызым туралы тек жақсы лебіздер айтылып жүр. Тәртіпті, ұқыпты, сабағын жақсы оқиды. Ата-анаға бұдан артық не керек? Тәрбие мен білімнің бастауын осындай ұжымнан алғандықтан Адинамның ары қарай да өте жақсы боларына сенімдімін. Бала жанының бағбаны бола білген ұйымшыл да білімді ұжымға рахметтен басқа айтарым жоқ. Еліміздің болашағын тәрбиелеу жолындағы жұмысының жемісін көре берсін,-деп ағынан жарылды Иван Липинский есімді әке.
Ел баласын өз баласынан кем көрмей, тең тәрбиелеп, жүрек жылуын аямай бөліп отыратын әйелдер ұжымының атына айтылып жататын жақсы сөздер көп-ақ. Олардың барлығын жариялау мүмкін емес. Балалары күні бойы осынау мерейлі шаңырақ астында алаңсыз ойнап жүрген ата-аналардың баршасы бөбекжай ұжымын, бал-бөбектердің саналы ұрпақ болып қалыптасуы үшін тер төгіп жүрген педагогтерді кәсіби мерекемен құттықтап, ақжарма тілектерін арнады. Халықтың сеніп тапсырған балдырғандарына аманат деп қарап, қиянатқа жол бермеуге барын салатын абзал жандардың қолынан ұшқан бөбектер арасынан небір қайраткер азаматтар шығып жатса, олардың білімі мен адамгершілігінің бастауында Рауан бастаған «Ақмоншақ» сіңірген ұлағат бар.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА