Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Биологиялық әралуандылықты сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңь жобасы мақұлданды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттамаға 2014 жылғы 30 мамырда Ашғабадта қол қойылды.
Хаттаманың мақсаты - биологиялық әртүрліліктің өміршеңдігі мен тұтастығын қорғау, сақтау әрі қалпына келтіру және Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын орнықты пайдалануды қамтамасыз ету.
Құжатта:
- Каспий теңізінің жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесіне теріс әсер ететін қызметті реттеу;
- флора мен фаунаның қорғалатын түрлерін коммерциялық мақсатта әдейі аулауды, иеленуді немесе союды, тасымалдауды әрі пайдалануды бақылау және қажет болуына қарай оларға тыйым салуды енгізу;
- Каспий жағалауы маңындағы және теңіз экожүйелерін қорғау мақсатында қорғалатын аудандарды бөлу;
- Каспий теңізінің биоәртүрлілігін қорғау және қалпына келтіру бойынша Каспий маңы мемлекеттерінің ынтымақтастығы көзделеді.