Аппараттық жиында аймақ басшысы Н. Ноғаев әлеуметтік нысандар құрылысы кезінде техникалық қадағалауды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өңір тұрғындары тарапынан бюджет есебінен салынып жатқан әлеуметтік-мәдени нысандардың, тұрғын үйлердің, жолдардың сапасына қатысты жиі шағымдар түседі.
- Кейбір нысандарға мен өзім бардым, өкінішке қарай, бірден көзге түсетін кемшіліктер бар. Егер жұмыс дұрыс орындалмаса, әрине халық тарапынан бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалуда деген әділ шағымдар айтылады. Барлық салынып жатқан нысандар нормаларға, ЖСҚ-ға сәйкес және қала тұрғындары үшін қауіпсіз болуы тиіс. Қалай болса солай салынған олқы құрылыстарға аймақ тұрғындары лайық па? Құрылыс жұмыстарының барлық кезеңдерінде қатаң бақылау болуы тиіс, техникалық қадағалау күні-түні жүргізілуі керек, - деді Нұрлан Ноғаев.
Аппараттық жиынның қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Нұрлыбай Аққұловқа бюджет есебінен салынып жатқан барлық құрылыс нысандарын жеке бақылауына алу тапсырылды.