Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаева мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Өңірде 10 дана жұмыртқа бағасы 380 теңгеден 400 теңгеге қымбаттады. Жұмыртқа бағасының өсуіне байланысты тексеру жұмыстарын жүргізу үшін Маңғыстау облысының бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментіне хат жолданды», - деді Жанна Тоқбаева.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басында облыста жұмыртқаның бағасы күрт өсіп, 540 теңгеге дейін жеткен.
Қазіргі таңда басқарма тарапынан азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Сонымен қатар «Анвар», «Дина», «Лидер», «Алтын Фуд», «Дана», «Нұр», «Аман» және «Грандмарт» сынды облыстың барлық ірі сауда желілерімен азық-түлік бағасын төмендету және ұстап тұру туралы меморандумдарының мерзімдері ұзартылды.