Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай терезесі» порталына жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде 291 млн. теңгенің тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді. Бұл туралы «Antikor» орталығында өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали мәлімдеді.
Бұдан бөлек, брифинг барысында Қуаныш Бүркітұлы жыл басынан бері 8 салада сыбайлас жемқорлыққа қарсы сыртқы талдау жүргізілгенін атап өтті.
«Жыл басынан бері Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасының «Онкологиялық диспансер» МКК, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті, «Каспий» әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қызметі, ауыл шаруашылығын субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Нәтижесінде талдау нысандарына сыбайлас жемқорлықтың туындау себептері мен жағдайларын жою жөнінде 189 жуық ұсынымдар берілді, олардың үштен бірі жойылды. Лауазымды тұлғалар әкімшілік және тіртіптік жауапкершілікке тартылды», деді Қуаныш Мырзағали.
Айта кету керек, брифинг спикері Департаменттің үйлестіруімен жергілікті атқарушы органдарға қарасты барлық квазимемлекеттік ұйымдарда бекітілген талаптарға сай комплаенс-қызметінің құрылғанын атап өтті.
Департаменттің алдын алу қызметіндегі жобалар туралы кең көлемде ақпарат берілген брифингте «Бизнес пен инвестицияларды қорғау» жобасы мен «Маңғыстау-адалдық алаңы» жобалық кеңсе менеджерлерінің мониторинг жұмыстарының нәтижелері де назардан тыс қалмады.
«Биыл мемлекеттік органдар тарапынан әкімшілік кедергілермен кездескен инвесторлардың 4 өтініші «Antikor» орталығында құзырлы органдар мен инвесторлардың қатысуымен қарастырылып, мәселелердің оң шешілуіне жағдай жасалды. Ал «Маңғыстау-адалдық алаңы» жобалық кеңсе менеджерлері 213 қоғамдық мониторинг жұмыстарын жүргізіп, кемшіліктерді жою мақсатында тиісті шаралар қабылдады», деді Қуаныш Бүркітұлы.
Бұдан бөлек, брифингте парасаттылық мәдениетін ілгерілету бойынша 2021 жылға арналған кешенді жоспарға сәйкес Жастар орталығымен бірлесіп, TedX форматта кездесулер, студенттер, мектеп оқушылары арасында адалдық пен парасаттылық құндылықтарын насихаттау мақсатында «Адалдық сағаттары» көрсетіліп, әлеуметтік бейнероликтер телеарналар мен әлеуметтік желілерде кең көлемде жарияланды. Ізгі қоғам құруда парасаттылық мәдениетін ілгерілету маңызды екені ескеріліп, «Парасатты отбасы», «Жемқорлықсыз әлем» сияқты байқаулар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, еңбек ұжымдары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында кездесулер өткізіліп келеді, делінген МО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі таратқан ақпаратта.