Маңғыстау облысына дін мәселелері бойынша құрылған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері келді. Жұмыс сапары барысында олар аймақтағы мешіттердің жамағаты, студенттер, өндірістік мекеме қызметшілері мен экстремизм және терроризм бабы бойынша сотталғандармен кездесті.
Аймаққа келген республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері - «Рухани құндылықтарды қолдау қоры» корпоративтік қоры басшысының кеңесшісі –Балғабек Мырзаев, осы қордың сарапшысы Мейрам Иманбаев, «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, исламтанушы Мұхан Исахан мен «Қазислам» ақпараттық порталынан Исатай Бердалиев. Екі күнге созылған жұмыс барысында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл, радикалды топтардан және олардың қауіп-қатерлерінен сақтану туралы баяндады.
Айта кетейік, дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру тобының негізгі жұмысы - діни экстремизмнің алдын алуға, діни саланың өзекті сұрақтарын түсіндіруге, қоғамда конфессияаралық және рухани келісімді насихаттауға бағытталған.
Теолог Мұхан Исаханның айтуынша, дін жан-жақты түсіндіруді, күрделі де ұзақ жұмысты талап етеді. Сондықтан, жиындардан бөлек жеке кездесулерге де аса мән берген жөн.
Маңғыстау облысы дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелері бойынша талдау орталығы» басшысының орынбасары Жасқайрат Қалмұрзаевтың айтуынша, ақпараттық-түсіндіру жұмысындағы басты мақсат - әрбір сенушіге діни санасы бұлыңғыр емес білімді адам екенін, кез-келген ақпаратты жан-жақты зерттеу керектігін жеткізе отырып, тек діни тұрғыдан ғана емес, психологиялық та көмек беру.
Ақпараттық топтың өкілдері алдымен Жаңаөзен қаласындағы «Бұрғылау», «Өзенмұнайгаз» мекемелері қызметкерлерімен кездесіп, діни бірлестіктер туралы заңнаманы, экстремизм мен терроризмнің алдын алуда жасалып жатқан жұмыстарды талқылады. Іс-шаралардың барлығы карантиндік талаптарды сақтай отырып жүргізілді.
Бұдан басқа Жаңаөзен қаласындығы «Рахат-Ислам», «Әбіш Қожа», «Шаңырақ», «Қосай ата», «Миғраж» мешіттерінің жамағаты арасында ақпараттық-түсіндіру шаралары жүргізілді. Бірнеше оқу орындарында да болдық. Өткізілген іс-шаралар барысында жиналғандарға Қазақстанда тұратын барлық конфессиялар мен этностардың өзара бейбіт іс-қимылымен қатар өмір сүруіне, Қазақстан халқының мәдениеті мен рухани мұрасын, деструктивті жалған діни және радикалды идеялардың зияндылығына бағытталған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мәні туралы ақпарат берілді. Бұл жобалардың мақсаты – діни сауаттылықты арттыру, тұрғындар арасында теріс діни ағымдардың таралуының алдын алу, мәдени мұра мен дәстүрлерді насихаттау арқылы қоғамдық санаға теріс әсер етуден қорғау, - дейді Жасқайрат Қалмұрзаев.
Түсіндіру тобы сонымен қатар Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданындағы бірнеше мекемелер мен мешіттерде болды. Ақтау қаласындағы 172/6 түзеу мекемесінде болып, экстремизм және терроризм бабы бойынша сотталғандармен кездесті. Кездесу кезінде рухани құныдылықтар, әдет-ғұрыпқа қатысты көптеген сауалдар қойылды. Жазасын өтеушілер тарапынан болған сұрақтардың басым бөлігі – эктремизм-терроризм бабы бойынша сотталғандарға жеңілдік, діни көзқарастар қайшылығы турасында болды.
Жиналғандардың басым бөлігі сауалдарына жауап берген мамандармен жеке кездесуге ниетті екенін жеткізді.
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА