Маңғыстау облысы әкімі Н.Ноғаев ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі М.Әзілхановпен кездесу өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Басқосуға өңірдегі этномәдени бірлестіктер өкілдері атсалысып, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы өзекті пайым-пікірлер, таяу келешекке көзделген этносаралық татулық пен діни бірлестіктер аражігін бекітер берік ынтымақтастық өрісіндегі кемел келісімдер жөнінде ой қозғады. Ел Президенті халыққа Жолдауында "Бірлігіміз – әралуандықта" деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді. Сондықтан, этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді. Бұл – бекерге айтылған сөз емес. Мұндай ұстанымды қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдайды. Біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттылық – мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрінісі, нақты болмысы. Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз" деп қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтау маңызына ерек мән берді.
Келелі жиында облыс әкімі Н.Ноғаев өңірдегі этномәдени бірлестіктер өкілдеріне этносаралық және конфессияаралық қатынасты тұрақты сақтауда сіңірген еңбегі үшін алғысын білдірді.
"Маңғыстау облысында 60-тан аса ұлт өкілдері, 21 этномәдени бірлестіктер қызметін жалғауда. Осында отырған жандардың ел аумағындағы саяси тұрақтылықтың, қоғамдық келісімнің қалыптасуына, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне қосқан үлесі зор", деді өңір басшысы.
Өз кезегінде этномәдени бірлестік өкілдері ұлттар арасындағы татулық төңірегінде тұщымды сөз сөйледі.
"Ұлттар достығы тек құр сөз емес, зор мәнге ие. Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде этносаралық, билік пен бұқара арасын жалғар алтын көпір, аса маңызды диалог алаңына айналды. Осы орталықта барлық этнос өкілдері өз салт-дәстүрін сақтау мен ұрпақтан-ұрпаққа жалғауға бағытталған сан алуан іс-шараларды ұйымдастыруда, ана тілін меңгеруге мүмкіндік алуда. Соңғы уақытта пікірлер қайшылығынан туындайтын даулы мәселелерді шешу барысында көптің мысы мен сесі басым түсіп жатады әрі қоғамдық пікір әлеуметтік желілердегі қаңқу сөзді негізге алып қалыптасуда. Осындай тұста Ассамблея қызметін жетілдіре түсу аса маңызды. Мен ең алдымен кәсіпкермін. Кез келген бизнесті алаңсыз, еркін, жүйелі жоспармен жүргізуде саяси тұрақтылық, бейбіт тұрмыс, жарқын келешекке деген нық сенім өте маңызды", деді МО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары, өңірлік іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы И. Беляева.
"Мен 17 жылдан бері Маңғыстау өлкесінде өмір сүремін. Қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруға қоғамдық қорлармен бірлесе отбасыммен атсалысамыз. 6-7 жылдан бері Маңғыстау облыстық халық Ассамблеясымен бірге мұқтаж жандарға, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балалар мен жалғызілікті қарттарға көмек қолын созып келемін. Біз жуырда ғана үнді этномәдени бірлестігін құрдық. Көпұлтты еліміздің саяси стратегиясы нәтижесінде біз өз ұлтымыздың салт-дәстүрін еркін ұстануға мүмкіндік алдық. Алда екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатында бірлестік жанынан үнді билері клубы, йога орталығын ашуды көздеп отырмыз. Мен шын жүректен қонақжай, кең пейілді қазақ халқына алғысымды білдіремін!130-дан аса ұлтты ортақ мұратқа ұйыстыра білген Қазақстан секілді елдің дамуына мүдделі азаматтар легі көбейе берсін демекпін. Бүгінде ортақ Отанымыз Батыс пен Шығыс дүние бөліктерін жалғар көпір қызметін атқаруда. Бүгінде азаматтық қоғам үні еркін шығып, демократиялық сипаттағы реформалар үздіксіз жүзеге асуда. Бұл әрине қуантарлық жайт", деп атап өтті кәсіпкер Вадодария Хитеш Чандра.
"Ұлтым – тәжік. Ақтау қаласына қоныстанғаныма бір жарым жылдай болды. Аз уақыт болса да, қазақ тілін еркін меңгергендіктен белсенді жастармен бірлесе қоғамдық бағытта белсенді жұмыс істеп келеміз. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында көптеген іс-шаралар өткізілді және жалғасуда. Атап айтқанда, жыл сайынғы "Ардагерлерге құрмет" акциясы аясында, әртүрлі деңгейдегі ардагерлерге көңіл бөліп, меценаттардың көмегімен қажетті заттарын алып береміз, үй тазалау жұмыстарына көмектесеміз. Сонымен қатар, ай сайын «30 игі іс» науқанф аясында аз қамтылған отбасыларға азық-түліктер мен тұрмысқа қажетті заттар сыйға беріледі. Одан бөлек, облыстық қан тапсыру орталығында «Қан тапсыр да, жан сақта» ұранымен ерікті түрде қан тапсырады. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Наурыз мерекесін» ерекше дәстүрмен атап өту тапсырмасына сәйкес, Маңғыстау өңірінде 1 ай көлемінде бірқатар іс-шаралар өткізілді. Достық үйінде бірнеше күн қазақтың көнерген салт-дәстүрлері жаңғырып, ұлттық тағамдар мен киімдер көрермен назарына ұсынылды. Тазалық акциясы аясында «Қошқар ата» қорымында және теңіз жағалауында тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, республикалық "Ағаштарға қамқор бол" акциясы аясында қала және аудандарда ағаш отырғызу, суару және тазалық жұмыстары жалғасуда. Алдағы уақытта, "Қазақтану" жобасы аясында "Бірлік" республикалық жастар лагерін өткізу жоспарлануда. Шара аясында Қазақстанның барлық облыстық «Жаңғыру Жолы» өңірлік штабындағы жастары бас қосып, Маңғыстаудың киелі жерлерін аралап, ауылдың тыныс-тірлігімен танысады", деді Жаңғыру жолы өңірлік штабының жетекшісі, Ақтау қаласы Н.Марабаев атындағы № 7 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімімі Рухсора Аллаева.
Марат Алмасұлы Маңғыстау өлкесіне алғаш рет сапарлап келді. Ол қоғамдағы ұлтаралық қатынастарды шешудегі Ассамблея рөлі мен ұлтаралық диалог алаңдарында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің маңызы жөнінде пікірін білдірді.
"Біз - біртұтас халықпыз. Ата заң аясында еліміздің әрбір азаматы нәсіліне, ұлты мен діни ұстанымына қарамастан құқықтық теңдікке ие. Маңғыстау облыстық Ассамблеясы бір орында тұраламай, тұрақты даму үстінде. Әлеуметтік желілердің жас буын өкілдеріне ықпалы зор. Сондықтан еліміздегі этносаясаттың өзекті тұстары мен құндылықтары ғаламтор кеңістігіндегі онлайн-алаңдарда насихатталуы тиіс. Тәрбиелік мәні зор, тұтас мемлекетке, біртұтас халыққа ортақ құндылықтар туралы ойтүйіндер ресми орындар мен кабинеттерде ғана емес, бұқара, жас буын өкілдері арасында талқыға түскені жөн. Әлеуметтік желілердегі белсенділікті арттыру бағытында жұмыс жанданады. Сондай-ақ қазақ тілі Қазақстан халқы Ассасблеясының қарым-қатынас тіліне айналуы тиіс", деп мәлімдеді ол.
Сондай-ақ жиын соңында бірқатар этномәдени бірлестік өкілдері қайырымдылықты, рухани бірлікті, достық пен этносаралық ынтымақтастықты нығайтудағы белсенді еңбегі үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
Голрох Жеменей
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН