Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың биыл 1 қыркүйекте жариялаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын тікелей эфирден тыңдап және баспасөз беттерінен оқып, толық таныстым. Жолдауда күрделі, құбылмалы дүниеде тәуелсіз еліміз дамуының басты бағыттары айқындалғанына риза болдым.
Қ.Тоқаев Жолдауының алғашқы бөлімінде пандемия зардабын тартқан еліміздің қиындықтарды еңсеріп, орнықты даму жолына түскенін айта келе, «Еліміз Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде анық байқалуда. Сондықтан кезкелген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет» деп, алда тұрған жауапты әрі ауқымды міндеттерді талдап көрсетті.
Тәуелсіз Қазақстанның стратегиялық мақсаты - Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлін күшейте отырып, әлемдік экономикадағы орнын нығайту. Мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспары және мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі қабылданды. Президент Жолдауында ел экономикасының дамуына кең түрде талдау жасалып, салалардағы шешімін күтіп тұрған өзекті мәселелерді тиімді әрі тездетіп шешу бойынша үкімет пен әкімдіктерге, тиісті орындарға нақты тапсырмалар берілгені көңіліме қонды.
Мен зейнетке шыққанға дейін ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметтерді абыроймен атқарған адаммын. Қазір де ауылда тұрамын. Ауылдардың даму жолына түскені көңілімді марқайтатыны анық. Сондықтан болса керек, Президенттің еліміздің ауыл шаруашылығын ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналдыру бойынша айтқан сөздері көкейімде жүрген көп оймен үндесіп, ауылдардың даму жолына түсетініне сенімімді бекітті. Шындығында, Жолдауда айтылған тапсырма мүлтіксіз орындалып, «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заң қолданысқа енсе, бұрын қарапайым тұрғындардың қолы жетпей жүрген жайылымдық жерді тиімді пайдалануға мүмкіндік болатыны анық. Мал ұстап отырған ағайын жайылымдық жер болса, мал басын да, өнімді де көбейтеді. Сосын Жолдауда айтылғандай, субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі ашық болса, ауыл шаруашылығы технологиялық тұрғыда қайта жабдықталса ауыл шаруашылығы, тұтас агроөнеркәсіп кешені даму жолына түседі. Елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие болады. Сонда ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі күшіне айналып, ауылдар көркейіп, дамиды.
Жолдауда тек қана ауыл шаруашылығы емес, барлық салада алда тұрған маңызды міндеттер толықтай қамтылған. Президент биылғы Жолдауын «Нақты жоспар жасап, соны жүзеге асырып жатырмыз. Біз қолға алған игі бастаманың бәрін соңына дейін жеткіземіз. Кезкелген кедергіні еңсеріп, қиындықты жеңуге дайынбыз... Біздің күш-қуатымыз - берекелі бірлікте!», - деген сөздермен түйіндеген.
Экономикасы өркендеген қуатты мемлекет болу үшін Мемлекет басшысы айтқандай, ұлт болып ұйысуымыз қажет. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деп ұлы дала даналары, ата-бабаларымыз бекер айтпаған.
Сахи ХИБАСОВ,
Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы саласының үздігі,
Бейнеу ауданының Құрметті азаматы