Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, ел егемендігіне өз үлесін қосқан ардагерлерге құрмет көрсетілді. «Арман жастар орталығында» Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлеріне мерекелік концерт ұйымдастырылып, өшпес ерліктері жас ұрпаққа дәріптелді.
- Бүгінде Маңғыстауда Екінші дүниежүзілік соғыстың 6, ал Ауған соғысына қатысқан 600-ден аса ардагер бар. Олардың ерліктерін кейінгі ұрпаққа жеткізу-біздің міндетіміз. Осындай мерекелік шаралар ұйымдастырып, құрмет көрсетуден шаршамауымыз керек. Тәуелсіздік – кез келген халықтың басты құндылығы, еліміз үшін ерекше маңызды сәт. Отанымыздың дамуына үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсету – жас ұрпақты тәрбиелеудегі басым бағыттардың бірі, - деді Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов.
Ал, аталған шараға қатысқан ардагерлер әрдайым үйлеріне барып, кез келген көмекті көрсетіп жүретін ерікті жастарға рахметін жеткізді. Айтуларынша, Отанға деген махаббат пен құрмет әр адамға көрсетілетін осындай құрмет пен ілтипаттан басталады.
«Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облыстық ұйымының төрағасы Нұрлыбай Қонақбаев жат жердегі қырғи қабақ соғыста көз жұмған жауынгерлердің рухына бас иіп, тағзым етіп тұру – бүгінгі ұрпаққа аманат екенін айтты.
- Бірлігі мықты елді жау алмайды. Келер ұрпаққа алдыңғы ағалар салған сара жолды көрсету, жиған тәжірибемен бөлісу – бізге міндет. Ұландарымыз биылғы әскер сапына кетуге дайындалып жатыр. Оларға Отан алдындағы қасиетті де қастерлі парызын өтеуде сәттілік тілейміз. Біз өзге мемлекетте әскерде болдық, сол жылдары Отанның, туған жердің қадір-қасиеті арта түсті. Қасиетті ұғымды жадымызға тоқып, ерік-жігері мол азаматтарды тәрбиелей білейік. Қазақ халқы жақсылыққа жаны құмар халық, қиын сәттерде бір-біріне қол ұшын созып сол сұрапыл соғыста да талай өшпес ерліктер танытқан, - дейді Н.Қонақбаев.
Шара соңында Ауған соғысы ардагерлерінің «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәтжан Шаулиев бір топ ардагерлер мен еріктілерге және «Маңғыстау» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторының орынбасары Валентина Қозыбақоваға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Азаматтық қоғам істері комитетінің атынан алғыс хаттар табыс етті.
Шара соңы рухты оятатын патриоттық әндермен тәмамдалды.
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 32 жыл толып отыр. Бұл соғысқа 22 269 қазақстандық қатысып, 924 сарбаз ерлікпен қаза тапты, 1015 сарбаз мүгедек болып оралды, 21 адам хабар-ошарсыз кеткен.
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН