Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Маңғыстауда қауіпті індет әлі де сейілмей тұр. Мәселен, өткен аптада 1 339 жағдай тіркелсе, соңғы аптада 1 520 жағдай тіркеліп отыр. Салыстырмалы түрде аурудың деңгейі 1,2 есеге жоғарылады. Оның ішінде шағыммен 1 044, шағымсыз 476 науқас бар. Тіркелген 1 520 жағдайдың тығыз қарым қатынаста болғандар арасынан 172, өздігінен қаралғандар 1 030, профилактикалық мақсатта 318, ауру ошақтарынан жұқтырған адамдар саны 1220», деді Ғазиз Надуев.
Баспасөз конференциясына Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Айгүл Баянбердиева қатысты.
Спикердің сөзіне сүйенсек 7 қыркүйектегі жағдай бойынша жедел жәрдем қызметіне 602 шақырту түскен. Оның ішінде КВИ 19, пневмония 18, ЖРВИ 58.
«Бүгінгі күні мобильді топтар үйден 3 925 қызмет көрсетті. Үй жағдайында пневмонияға қарсы емделіп жатқандар саны 401, жіті респираторлық вирустық инфекцияға қарсы 1788 адам емделсе, басқалары 1801 құрайды. Жедел-жәрдем бөлімінде 53 бригада жұмыс істеп жатыр. Бұрын-соңды тәулігіне мыңнан астам шақырту тіркелсе, қазір оның саны 602-ге азайды», - деді Айгүл Баянбердиева.
Спикердің айтуынша, облыста I-компонентпен 145 917, II-компонентпен 113 667 адам егілді. Қазір қолданыста ресейлік «Sputnik V», «QazVac», «Синовак», «Vero Cell» және «CoronaVac» вакциналары бар.
Айта кетейік, Маңғыстау облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің № 20 жаңа қаулысы шықты. Қаулыға сәйкес демалыс күндері «Ashyq» қосымшасымен жұмыс істейтін объектіге жасыл статусы бар азаматтар кіре алады.
Көк статус жанған жағдайда азаматтың 7 тәуліктен аспайтын теріс нәтижесі бар ПТР тесті, немесе тұрақты медициналық қарсы көрсетілімі белгіленген анықтамасы болуы қажет. Бұл талап облысаралық және облысішілік тұрақты тасымалға, отельдерге, қонақ үйлерге, әуежайларға, теміржол вокзалдарына, білім беру объектілеріне, ЖОО, колледждерге, интернаттарға, білім беру ұйымдарының жатақханаларына қолданылмайды.