«Әдептілік – әрбір жеке тұлғаның рухани байлығы, қазынасы» - философ, ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің ұлағатты сөзінің мәні айқын. «Әдеп» сөзі қоғамдағы адамдардың мінез – құлқына қойылатын этикалық талаптар деп қарастырылады, себебі, адамның сөйлеу мәнері, іс – қимылы, жүріс – тұрысы, өзін ұстай білуі оның мәдениетті, әдепті екендігін көрсетеді.
«Сіздердің барлықтарыңыз – жоғары билік өкілдерісіздер, сіздер – мемлекеттің бір бөлігісіздер және де сіздер нақты іс – қимылдардың үлгісі болуларыңыз керек», – деген Елбасымыз Н. Назарбаевтың сөзін алға тартқым келеді. Кез келген мемлекеттің жетістігі мен гүлденуі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметін тиімді және үлкен жауапкершілікпен адал атқаруына негізделеді. Мемлекеттік қызметшінің сыртқы мәдениеті мен ішкі дүниесінің ұштасып жатуы – әдептіліктің белгісі! Олардың моральдық–этикалық бейнесі мен кәсіби сапасына Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі жоғары талап қояды.
Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуға тиіс. Қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық–әдептілік нормаларын ұстанып, қоғамға жат мінез–құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір–қасиетін және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге тиіс.
Сонымен қатар, қарапайым болуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын пайдаланбауға, қоғамдағы адамгершілікке, тәртіпке және қауіпсіздікке қол сұғушылыққа әкелетін заңнама талаптарын бұзуға және басқа азаматтарды құқыққа қарсы, қоғамға жат әрекеттерді жасауға жол бермеуі тиіс.
«Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, қорғаны –сабыр, жолдасы – кәсіп, қорғайтын қорғаушысы – мінез, бәрін тәртіпке реттейтін – әдептілік»,- демекші осы рухани құндылықтың мәнісі қоғамда өзектіліктігін сақтайтындығына сенемін.
Д.Келдибаева,
Маңғыстау облысы бойынша Қазынашылық департаменті басшы орынбасары