Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл мәлімдеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Үкімет резервінен Маңғыстаудағы ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 1,9 млрд теңге мөлшерінде қайтарымсыз қаражат бөлінген болатын.
Қазіргі таңда бөлінген қаражаттың 50% игерілді, яғни 5 275-ге жуық жеке қосалқы үй шаруа қожалықтарына 611,3 млн теңге және 500 шаруа қожалығына 277,4 млн теңге қаржылай мемлекеттік қолдау көрсетілді. Қалған 1 млрд теңге қыркүйек айында игерілмек.
Бұдан басқа өңір шаруаларына тағы да алдағы қазан-қараша айларында жергілікті бюджеттен 700 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаражат Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» №108 бұйрығына сәйкес субсидия ретінде берілмек.
Қазіргі уақытта шаруаларды жем-шөппен қамтамасыз етіп, мал азығы тапшылығын жою мақсатында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр.
1. Жергілікті бюджеттен 150 млн теңге бөлініп, «Каспий» ӘКК АҚ-ы арқылы аталған қайтарымды қаржыға 15 шілдеден бері әр қала, аудандардан тағайындалған операторлар қажеттілікке қарай шөп тасымалдап жатыр. Бүгінгі күнге дейін 1 мың тоннаға жуық шөп сатып алынды. Бұл жұмыстар жыл аяғына дейін жалғасады.
2. Жергілікті бюджеттен 54 млн теңге бөлініп, қайтарымды қаражатқа аудандардан тағайындалған операторлар Қостанай облысынан 546 тонна арпа жеткізді. Қазіргі таңда арпа түгел сатылып, айналымдағы қаржыға тағы мал азығын сатып алу жұмыстары жалғасып жатыр.
3. Сонымен қатар 107 млн теңгеге 15 вагон 3-4 сортты бидай (бидай қалдығы) сатып алынды. Сұранысқа сәйкес алдағы онкүндікте тұрғындарға ұсынылады.
Жалпы жыл басынан бері өңірге 37 500 тонна шөп тасымалданды. Оның 30 000 тоннасы өзге аймақтардан, 4 000 тоннасы жергілікті жерден шабылды. Ал 3 500 тонна шөп (140 вагон) өзге өңірлерден көмек ретінде жеткізіліп, қуаңшылықтан зардап шеккен мал иелеріне тегін үлестірілді.
Ал өңірге тасымалданған жем көлемі 22 мың тоннаны құрады. Оның ішінде өзге облыстардан 20 500 тонна тасымалданды және жергілікті жерден 1 500 тонна жем алынды.