Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров №2 Ақтау қалалық емханасының жұмысын бағалады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтау қалалық №2 емханасының директоры Жарас Байғожаев барлық бағыттарды бақылауға және туындаған мәселелерге дер кезінде жауап беруге мүмкіндік беретін ситуациялық орталықтың жұмысын көрсетті. Стационарлық медициналық көмектің сапасы мен ашықтығын жақсарту мақсатында құрылған орталықта кез келген тұрғын өзіне қажетті ақпарат алуына мүмкіндігі бар.
Аманбек Жұмыровқа үйлерге барып жұмыс істейтін мобильді топтардың жұмысы туралы да айтылды. Мобильді топтар медициналық мекемеге өздері жете алмайтын, оның ішінде коронавирус және пневмония белгілері бар науқастарға барады. Әр бригадаға автокөлік бөлінген, дәрігердің қасында міндетті түрде медбике болады. Жалпы, жылжымалы бригадаларға қазіргі жағдайда оңай болмай тұрғанын айта кету керек, психикалық және физикалық тұрғыда ауыр. Кезекшілікке түскен бір бригада шамамен 15-20 шақыртуға барады.
Өңірдің бас дәрігері егу пунктінде болып, оның жұмысы қандай деңгейде ұйымдастырылғаны туралы хабардар болды. Вакцинаны сақтауға арналған тоңазытқыш, бекітілген алгоритм, екпе егу процедурасының қауіпсіздігін және т.б. қарады.
Облыстың бас дәрігері әрбір науқаспен сөйлескенде олардың әрқайсысының денсаулығына шағымы бар немесе жоғын сұрап, адамдардың пікірлері мен тілектерін мұқият тыңдау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар халыққа медициналық көмектің ұйымдастырылу деңгейіне өзіндік көзқарасын білдіріп, оны жақсарту бойынша ұсыныстарын берді.
«Егер тұрғындар осы емханаға келіп екпе алғанын қаласаңыздар, әрбір келушіге барлық жағдай жасалуы тиіс. Вакцинацияның жүйелі процесін қамтамасыз етуде ең бастысы әлеуметтік қашықтықты сақтау мен бетперде тағып жүру сияқты қарапайым қағидаларды естен шығармау қажет. Осы мәселеге көбірек көңіл аудару маңызды», - деді облыстың бас дәрігері.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің негізгі алгоритміне де тоқталып өтті. Әсіресе, жаппай вакцинациялауды нақты ұйымдастыру шаралары күн тәртібінен түспейтінін және ресми ақпараттар қолжетімді болуы керектігін алға тартты. Оның айтуынша, ауруханаларға мемлекеттік немесе жекеменшік деп бөліп жармай барлық медициналық мекемелерге теңдей мүмкіндіктер жасалды.