Ақтауда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және Конституция күніне орай 18 шағынауданда орналасқан 4 тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
180 пәтерден тұратын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген. Кілт табыстау рәсіміне Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, баспаналы болған азаматтарды қоныс тоймен құттықтады.
«Қаламызда мемлекет қолдауының нәтижесінде баспаналы болып, қоныс тойын тойлайтындар саны артып келеді. Осы жазда «Аққу-3» тұрғын үй кешенінен 443 пәтер табысталып, қуаныштың куәсі болдық. Бүгін жалпы ауданы 10 150 шаршы метр болатын жаңа тұрғын үйді пайдалануға берілді. Мерекемен тұспа-тұс келген қоныс тойларыңыз құтты болсын. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болып, береке-бірлігіміз арта берсін», - деді қала басшысы.
Жиналғандар тұрғын Медина Алагөзованың жаңа шаңырағында болып, дәм татты. Жаңа қоныстың алғашқы қонағы болған ауыл ақсақалдары бата берді. Келесі жылы 19А және 18 шағынаудандардан көппәтерлі 9 тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осылайша өңірде қоныс тойын тойлаушылар саны артпақ.