Маңғыстау облысының мектептері жаңа оқу жылын санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды сақтай отырып, штаттық режимде бастайды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Светлана Төлебаева мәлім етті.
Оның айтуынша, 2021-2022 оқу жылында 165 мектепке 166 мыңға жуық оқушы барады. Оның ішінде бірінші сыныпқа 19 995 оқушы барады.
«Облыс бойынша үш ауысыммен 15 мектеп жұмыс істейді. Үшінші ауысымда 4 мыңға жуық оқушы оқиды деген болжам бар. Музыка, көркем еңбек, информатика, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік және бизнес негіздері сияқты пәндерді онлайн форматта өткізу мүмкіндігі беріледі. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, індетке шалдыққан адаммен байланыста болған балалар үшін қашықтан оқыту ұйымдастырылады. Ал егер бала аурудың ауыр түріне шалдықса, ата-ананың өтініші бойынша баланы үйден оқыту мүмкіндігі ұсынылады. Балаларға оқулықтар, оқу контенті бар ақпараттық жүйе, электрондық журнал қолжетімді болады. Тақырыптық тараулары бойынша жиынтық бағалауды қашықтан немесе дәстүрлі форматта тапсыруға рұқсат етіледі. Бұл ретте, тоқсандық жиынтық бағалауды міндетті түрде мектепте тапсырады. Егер оқушы ТЖБ тапсыра алмаса, ол толық күндізгі оқытуға ауыстырылады», - деді Светлана Төлебаева.
Спикердің айтуынша, жаңа оқу жылында сабақтың ұзақтығы 45 минутты құрайды. Мектептерде оқу процесі санитарлық талаптарды қатаң түрде сақтай отырып, жүргізіледі. Сабақ кестелері санитарлық нормаларға сай құрылады. Сондай-ақ, мектепке кірер алдында оқушылар мен қызметкерлердің дене қызулары өлшенеді. Маскалық режим сақталады, кабинеттерде кварцтеу, желдету, дезинфекциялық жұмыстары жүргізіледі.
«Бұқаралық және қоғамдық шараларды шектеу, бастауыш, орта және жоғарғы сыныптарды араластырмау үшін әртүрлі уақытта берілетін үзілістер қарастырылады. Ал ауысымдардың саны артады. Бір сынып бір кабинетте оқитын болады», - деді Светлана Төлебаева.