Бұл туралы өңір педагогтарының тамыз конференциясында Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмов айтты.
- Әрбір ата-ана үшін балаларының бос уақытын неғұрлым пайдалы іске арнағаны маңызды. Алайда жекелеген отбасылардағы балалардың жекеменшік үйірмелер мен секцияларға баруға мүмкіндігі бола бермейді, мемлекеттік ұйымдарда орын саны шектеулі немесе ондай мекемелер саны тым аз. Осыған байланысты жақында барлық тараптар үшін тиімді жаңа әлеуметтік жоба қанат қаққанын айтқым келеді. Биыл алғаш рет елімізде мемлекет қаржысы есебінен балалардың жекеменшік спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелеріне тегін баруына жағдай жасалуда.
Мемлекеттік тапсырыс жасау үшін бюджеттен қомақты қаражат та бөлініп отыр. Бүгінгі таңда 51 мыңнан аса бала спорттық секцияларға қатысса, 67 мыңнан аса бала шығармашылық үйірмелеріне барып жүр. Жоспарға сәйкес тағы 5 мыңнан аса оқушы үйірме жұмыстарына тартылады. Ел ішіндегі таланттарды ерте тануға, дер кезінде көңіл бөлуге таптырмайтын мүмкіндік деп білеміз. Әсіресе, көпбалалы және мұқтаж отбасыларға үлкен көмек болары сөзсіз, - деді Маңғыстау облысының әкімі.