Облыс әкімі Серікбай Трұмов өңір педагогтарын дәстүрлі тамыз конференциясында жаңа оқу жылымен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жиынға аймақ басшысымен бірге білім беру ұйымдарының директорлары мен педагогтары, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғ. Бейсембаев, «Білім-инновация» халықаралық қорының вице-президенті Е. Әубәкіров, облыстық мәслихат депутаттары қатысты. Сонымен қатар, аудандардағы ұстазар тамыз кеңесіне онлайн режимде қосылды.
Педагогтар бас қосқан кеңесте өткен оқу жылы қорытындыланып, аймақтағы білім беру жүйесін жетілдірудегі негізгі мақсаттар мен міндеттер айқындалды және жалпы республикада білім саласына енгізіліп жатқан жаңалықтар таныстырылды.
Аймақ басшысы білім сапасын арттыруға басымдық бере отырып, оқу процесіне қолайлы жағдай жасау керектігін айтып өтті.
«Санаулы күндерден соң, биылғы оқу жылы дәстүрлі форматта басталады. Біздің міндетіміз - соңғы екі оқу жылындағы оқу-тәрбие процесіндегі кемшін тұстарын толтыру, оқушыларға қолайлы жағдай жасау», - деді облыс әкімі С.Трұмов.
Өткен оқу жылында облыста 15 мектеп оқушылары үш ауысыммен оқыды. Бұл мәселені еңсеру үшін жыл аяғына дейін 9 мектеп ашылады. Оның ішінде, Ақтау қаласында 3 мектеп, Мұнайлы ауданында 1 мектеп, Бейнеу ауданы мен Ақтау қаласы аумағындағы 3 мектептің қосымша құрылыстары пайдалануға беріледі. Ақтау қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде тағы 3 мектептің құрылысы басталады деп күтілуде.
Облыс әкімдігі әлеуметтік маңызды объектілердің жеткілікті санын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік принципін жүзеге асыруды қолдайды. Осыған орай өңір басшысы білім, құрылыс, экономика және бюджетті жоспарлау басқармалары мен әкімдіктерге алдағы жылдарыға жоспарланған 32 мектеп құрылысын салу мен өз мерзімінде және сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар, өңір басшысы Серікбай Трұмов білім басқармасына, аудан, қала әкімдеріне білім беру ұйымдарындағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауды, мектептерді бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етуді, балалардың бос уақытысын тиімді пайдалану үшін елді мекендерде әлеуметтік нысандар санын көбейту шараларын ұйымдастыруы бойынша тапсырма берді.
Іс шара барысында облыс әкімінің Алғыс хатымен – 5 педагог, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен – 6 мұғалім, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен – 5 мұғалім, ҚР «Еңбек ардагері» төсбелгісімен - 1 педагог марапатталды.
Суреттерді түсірген
Талант ҚҰСАЙЫН