Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Мұнайлы ауданы білім бөлімінің басшысы Батырбек Демократұлы мәлім етті.
«Жаңа оқу жылын 0-11 сынып аралығындағы 36125 оқушы бастайды деп жоспарланып отыр. Оның ішінде бірінші сыныпқа 4 048 оқушы барады. Өткен оқу жылының 1,2,4 тоқсанында оқу процесі қашықтан ұйымдастырылды. Ал биылғы оқу жылында аудан мектептері оффлайн режимде білім беруге толық дайын. Сондай-ақ 1-сынып оқушылары үшін барлығы 109 503 оқулық, 2-11 сынып оқушыларына 86 522 оқулық қосымша алынғалы отыр. Сондай-ақ, 3,7,8 сынып оқушыларына «Ақпараттық сауаттылық», «Информатика» оқулықтары жаңадан сатып алынады», - деді Батырбек Демократұлы.
Спикердің айтуынша, аудан мектептерінде барлығы 814 педагог пен 1877 қызметкер қызмет етеді. Аудан мектептері бойынша барлық қызметкер 100% вакцина алды.
«2021-2022 оқу жылында орыс тілі және әдебиеті пәні мұғаліміне, математика, ағылшын тілі мамандарына қажеттілік туындауы мүмкін. Жұмысқа келетін жас мамандарға жатақханамен қамтамасыз ету және «Дипломмен ауылға» бағдарламасын іске асыру бойынша біржолғы қайтарымсыз қаржылай көмек көрсетіледі. Бүгінде педагогтарды жұмысқа қабылдау бойынша әр мектеп жанынан конкурстық комиссия құрылды. Мектептер қажетті пән мұғалімдерінің бос орындары немесе уақытша бос орындары туралы әлеуметтік желілерге конкурс жариялады. Белгіленген 189 бос вакансияның 60 орнына қажетті мамандар жұмысқа алынды», - деді Батырбек Демократұлы.