«Достық үйі» ғимаратында мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар бойы еңбек еткен қоғам қайраткері, жазушы Сақып Керелбаевты еске алуға арналған шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жиынға Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Трұмов пен Сақып Бүркітбайұлының үзеңгілес достары, жазушылар, әріптестері мен туған бауыры, медицина саласының ардагері Сайын Керелбаев қатысты.
- Маңғыстау халқы аяулы перзентінен айырылды. Ақылшы аға, ардақты әке, атпал азамат, Сақып Бүркібайұлы дүниеден озды. Адамзат баласына сын болған індет үлкенге де кішіге де, жақсыға да, күштіге қарамайтынын көрсетті. Тәжтажалдың тырнағына тағы бір қазақтың қадірлісі ілініп тұр. Өкінішті, әрине... Сақып Бүркітбайұлы – сонау соғыстан кейінгі елдің еңсесі төмен, белін жаза алмай тұрған қиыншылығы мол жылдары Маңғыстаудың қара шаңырағы – Таушықта дүниеге келген болатын. Ауылшаруашылық саласында жоғары білім алып, кейін Жоғары партия мектебінде оқып, Ресейдің мемлекеттік академиясын тәмәмдаған білімді де, білікті маман болатын. Ол кісі ауылшаруашылық саласында әбден пісіп-жетілген, табиғаты қатал Маңғыстаудың мінезі мен болмысын бойына сіңірген адам болатын. Ел басқару ісінде де білікті шешім айта білген кесек тұлға еді. Қазақта «орнында бар оңалар» деген игі сөз бар. Ағамыздың орнында отбасы-ошағы, артында ордалы елі қалды. Әлбетте, жақсы сөзді жұбаныш үшін айтамыз. Бүгін бәріміз үшін де орны толмас өкінішке айналып тұрған Сақып ағаның есімін де, еңбегін де елі ұмытпайды. Аяулы бейнесі де, айтқан ақыл-өнегесі де мәңгілік жадымызда. Иманы жолдас, пейіштің төрінде рухы шат болғай! Қазаның арты қайырлы болып, ел басына аманшылық орнасын! – деді алдымен сөз алған облыс әкімі.
Еске алу барысында Сақып Керелбаевпен әр кездері қызметтес болған қоғам қайраткерлері жолдаған бейнероликтер көрсетілді. Ғалым, мемлекеттік қайраткер Өмірзақ Озғанбаев Сақып Бүркітбайұлының өмір жолына тоқталып, оның қазасы қазақстандықтардың қайғысы екенін айтып, қайғыға ортақ екенін жеткізді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Ләззат Қиынов бірге жасаған еңбек жолын еске түсіріп, көңілін айтты.
- Қымбатты ауылдастар, жерлестер, Маңғыстаудан жеткен қаралы хабарға әлі сенер емеспін. Сақып екеуміз де Таушықта туып-өстік. Бес күн жалғанда ерекше сыйластық. Саналы ғұмырында ел үшін қызмет еткен еді. Маңғыстау облысының экономикалық-әлеуметтік дамуына орасан зор үлес қосты, - деген ол Керелбаевтың ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілеттерін ерекше атап өтті.
Сақып Керелбаевпен бірге өскен, бір сыныпта оқыған Қайролла Ережеповтың айтуынша, білім мен еңбек жолында талмай еңбек еткен ол үлгі аларлық тұлға болып есте қалды.
- Бастаған шаруаны аяқтамай тынбайтын. Істің барысын емес, нәтижесін көрсеткенді ұнататын қасиеті бар еді, кез келген шаруаны соңына дейін жеткізбей тынышталмайтын еді, - дейді.
Жиын кезінде Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының әртістері Керелбаевтың афоризмге айналған қанатты сөздерін оқыды. «Бекет ата асы шежіресі», «Маңғыстау», «Сұрасаң руымды – Дәулеталы», «Мың бояулы Маңғыстау», «360 әулиелі Маңғыстау» кітаптары бүгінгі көрмеге қойылып, баспаға дайындалып жатқан кітаптары туралы айтылды.
Басқосу соңында Сақып Керелбаевтың ағасы Сайын Керелбаев облыс әкіміне, жиналған қауымға қайғыға ортақтасқандарына алғысын жеткізді
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН