Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің басшысы Ысқақ Құлатай мәлім етті.
Оның айтуынша, жаңа оқу жылында 79 білім беру нысаны жұмысын бастайды. Мектептер мен балабақшалардың қызметкерлері 100% вакцина алды.
«Қала мектептері жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта оқытуға дайын. Бұл үшін мектептерде барлық жағдай жасалуда. 52 бөбекжай, 22 жалпы білім беретін мектеп, 2 бастауыш мектеп, 1 кешкі мектеп, 2 жекеменшік мектеп 1 қыркүйекте жұмысын бастайды. Барлық сыныптың оқушылары үшін сыныптағы бала саны 25 адамнан асырмай дәстүрлі форматта оқытылады. Бірінші сыныпқа 4050 бала қабылданды. Жалпы оқушы контингенті былтырғы жылмен салыстырғанда 1 811 оқушыға артып, 35 500 оқушыны құрады», - деді Ысқақ Құлатай.
Спикердің айтуынша, санитарлық-эпидемилогиялық талаптарды сақтау мақсатында мектептердің ішкі қаражат есебінен шаруашылық тауарларымен бірге кварцтар, санитайзерлер және маскалар сатып алынды. Сонымен бірге, барлық мектептерде дезинфекциялық тунел орнатылып, білім беру ұйымдарында «Ashyq» бағдарламасы енгізілген.
«Сонымен қатар Жаңаөзенде педагогтарға деген қажеттілік бар. Осы мәселені жою мақсатында өзге облыстан маман шақырту жұмыстары жүргізілуде. Нақты айтатын болсақ, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі математика, орыс тілі, ағылшын тілі мұғалімдері, орыс тілінде оқытатын мектептердегі тарих, орыс тілі, математика, физика, бастауыш сынып педагогтерін тарту үшін жоғары оқу орындарына хат жіберілді. Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарында жұмысқа қабылдау бойынша іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл мектептерге 100 жас маман қабылданады деп жоспарланып отыр», - деді Ысқақ Құлатай.