Облыс әкімі С. Трұмов шаруалармен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz. Шаруалар жайымен танысу үшін облыс әкімі кезекті рет Маңғыстау ауданының Тұщықұдық, Шебір, Қызан және Ақшымырау ауылдарына барды.
Ақшымырау елді мекенінің әкімі Айдос Шамғұловтың мәліметінше ауылда 238 тұрғын үй бар. Ауылда барлығы 171 сиыр, 14 793 қой-ешкі, 4 306 жылқы, 2 437 түйе тіркелген. Сонымен қатар кәсібін дөңгелетіп отырған 36 шаруа қожалығы бар. Үй және шаруа қожалықтарының мал басы санына қарай 1 000 түк шөп халыққа тегін таратылды.
Сонымен қатар, 486 орама шөп, 15 теңгеден сатылды. Жергілікті жерден екі шаруа қожалық ауыл тұрғындарына 700 теңгеден, 11 000 түк жеткізіліп, тұрғындарға арзан бағамен сатылды. Жеке кәсіпкерлер арқылы 1 800 қап жем 2 400 теңдеден сатылды.
Тұщықұдық ауылының әкімі Нұрғали Еркінбек Тұщықұдық және Қияқты екі елді мекенде 360 үй шаруашылығы мен 32 шаруа қожалығы тіркелгенін айтады. Қазіргі таңда үй шаруашылығына барлығы 22 289 357 теңге, шаруа қожалықтарына 4 939 401 теңге көлемінде бір реттік көмек төленген. Ауылда бүгінгі күнге дейін 844 дана түк шөп 84 үйге тегін таратылған. Ауыл тұрғындарымен 170 тонна түк шөп және 97 тонна орама шөп сатып алынған. Салмағы 20 кг болатын 1 085 қап жем жеке кәсіпкерлер арқылы 2 400 теңгеден сатылды.
Шебір ауылы бойынша 1 100 түк шөп ауыл халқына тегін таратылған. Кебек жемнің қабы 2 300 теңгеден, арпа 4 400 теңгеден, бір түк шөп 700 теңгеден сатылған. Шебір ауылында қуаңшылыққа байланысты аналық малға берілетін көмекке 178 үй шаруашылығы құжат тапсырып, 46 973,411 теңге төленген.
Қызан ауылында үй шаруашылығы мен шаруа қожалығында барлығы 16 200 қой, 5 161 жылқы, 2 686 түйе, 219 сиыр тіркелген. Осы күнге дейін шаруаларға 1 200 түк шөп тегін таратылды. Жеке кәсіпкерлер арқылы 400 түк шөп 700 теңгеден, жем 2100-2300 теңгеден сатылды. Қуаңшылыққа байланысты мемлекеттен берілетін бір реттік көмекке 144 жеке қосалқы шаруашылық, 16 шаруа қожалық иелері құжат тапсырған.
Биыл қуаңшылық зардабын тартқан ауыл тұрғындары төрт түлігін өзге өңірлерден келіп жатқан жем-шөппен ғана бағып отырғандарын айтты.
“Жауын-шашын аз түсіп, жер қурап қалды. Жайылымда түк жоқ. Малымызды үйден жемдеп бағуымызға тура келіп отыр. Мал азығын күнде сатып алып, шығынға батып отырмыз. Мал бағу тиімсіз болып қалды”, - деді шаруалар.
Аймақ басшысы аудан, ауыл әкімдеріне Үкіметтен берілетін көмектің әр шаруаға жетуін қамтамасыз етуді және қысқы дайындықты пысықтауды тапсырды.