Бұл туралы Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Бағдат Тұрғанбаева мәлім етті. Оның айтуынша, жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастау үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Мектептердегі санитариялық-эпидемилогиялық талаптарды сақтау мақсатында дезинфекциялық тоннелдер, кварцтар, санитайзерлер мен маскалар сатып алынды. Сабақ кестесі санитарлық нормаларды сақтай отырып құрылады. Сондай-ақ, бір сыныптың оқушылары бір кабинетте оқитын болады. Оқушылардың қоңырау кезінде топтаспауы үшін сабақ арасындағы үзілістер мен асханаға бару уақыты әртүрлі уақытқа қойылады. Барлық білім беру ұйымында «Ashyq» жобасы енгізілді», - деді Бағдат Тұрғанбаева.
Спикердің айтуынша, Ақтау қаласындағы мектептерге орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғаліміне қажеттілік бар. Осы мәселені шешу мақсатында әр облыстан кадрлар тартылуда.
«Ақтау қаласына орыс тілі мен әдебиеті пәнінің 39 мұғалімі қажет. Қазір басқа өңірден орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мамандарды тарту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде Орал қаласынан 2 мұғалім, Нұрсұлтан қаласынан 1, Алматы облысынан 2, Атыраудан 1, Тараздан 1, Қарағандыдан 2, Қостанайдан 1, Түркістан қаласынан 1, барлығы 11 маман шақыртылды. Жалпы биылғы оқу жылында 150-ге жуық жас маман мектепке орналасады. Қажетті педагогтарға бос орындар enbek.kz порталына жарияланып, мамандар қабылдануда», - деді Бағдат Тұрғанбаева.
Айта кетейік, бүгінде балаларға білім беретін педагогтардың 2 423-і ерікті түрде екпе алды. Бұл Ақтау қаласы мұғалімдерінің 99, 6% құрайды. Оқу жылы басталғанша еңбек демалысынан шыққан мектеп қызметкерлері толық вакцина салдырады.