Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті бастамасымен түсірілген «Адалдық сағатының» кейіпкері дизайнер Әлия Тұман.
Ұлттық өнерді ұлықтаған ару Әлия Тұман жұртшылыққа дизайнер, тігінші ретінде жақсы таныс. Сән әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген ол қаймағы бұзылмаған Маңғыстау өңірінде туған. Бүгінге дейін талай байқауларда топ жарып, заманауи үлгідегі киімдерге қазақы нақышты үйлестіріп ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүр.
«Адалдық сағаты» бейне дәрісінде: «Ұрпақты тәрбиелеу арқылы бүтіндей қоғамды тәрбиелейміз» деп өз ойын білдірген Әлия баланы адамгершілікке тәрбиелеудің ең басты құралы – еңбек пен ата-ана үлгісі екенін айтады.
«Бала-айна. Ол қайда жүрсе де ата-анасының іс-әрекетін қайталайды» дейді. Сондықтан, кейіпкеріміз Әлия әрбір ата-ана айналасына мейіріммен, шешіміне жауапкершілікпен, таңдауына сеніммен қарау керек деген пікірді білдіреді.
Сондай-ақ, онлайн дәріс барысында Әлия балаға үйде берілетін тәрбие, үлкендердің өсиеті мен ақылы оның жарқын болашағының бастауы екенін айтты.
«Кішіпейілділік пен көрегенділік – парасаттылықтың белгісі» дей келе, жастар білімді болумен қатар адал, парасатты, әділетті болу деп ойын жеткізді.
«Адамның кемелденгенінің белгісі - үлкен сана мен бай мінез» екеніне тоқталған кейіпкеріміз адамдық пен адалдық туын бірге ұстаған жан – парасатты» дейді.
Парасаттылық, адалдық туралы пікірін білдірген Әлия жетістікке жетуді қалаған әр жас – еңбекке ұмтылуы керек деп есептейді. «Жетістіктің кілті – еңбекте. Адам үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау керек» деп ойын жеткізді.
Сән әлемінде биік белесті бағындырған тұлғаның парасаттылық туралы айтқандары жастардың ойына әсер етеді деп есептейміз.