Бүгін «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында Мәжіліс депутаттары Самат Мұсабаев пен Еділ Жаңбыршин және партия төрағасының орынбасары Звира Тугелқызы «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ және «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшыларымен онлайн кездесу өткізді.
Мұнайшылар Мәжіліс депутаттарына ұсыныс тілектерін жеткізді. Азаматтардың бірі «Қаражанбасмұнай» компаниясына қойылған мараторийді алып тастап, жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа алса екен деген ұсынысын айтты. Себебі нарықтағы азық-түлік бағасы қымбаттап, күн көріс қиындап бара жатыр дейді.
- Бұл мәселе маған көп заманнан таныс. Облыстық мәслихат депутаты болып тұрған кезімде «Маңғыстаумұнайгаздың» президентінің қабылдауына жазылдым. Мені екі ай күттірді, қабылдамады. Содан ақыры шыдамым бітіп, президентке көмекшісінен сәлем айттым, облыстық мәслихат депутатын ҚР Конституциялық заңына сәйкес қабылдауға міндетті екенін ескерттім. Он сұрақпен кірдім. Бәріне сырғытпа сөз, сілтеме жауап алдым. "Бәрін орталық шешеді, ҚазМұнайГаз шешеді" дей береді. Бұл шектеу әлі сол қалпы тұр. Менің ұқпайтыным мынау, ол мұнай компанияларынан адам пенсияға шықпай ма, өмірден өтпей ме? Оның орнына неге адам алынбайды? Осы жиынның протоколына шектеу мәселесін кіргізіп, хаттама жасау керек. Біз мұнайшылар көтерген мәселені Самұрық Қазынаға немесе ҚазМұнайГазға жеткізуді мойнымызға аламыз, - деп жауап берді С. Мұсабаев.
Екінші сауалды өндіріске Ұштаған ауылынан келіп жұмыс істеп жүрген азамат қойды. Ол Ұштағанды басып жатқан құмның мәселесін айтты. Қазір бұл құмды тоқтатып жатқан "Жас Әлем" мекемесінің жағдайы нашарлап бара жатқанын, оны жандандыру қажеттігін айтты.
Тағы бір мәселе, Ұштаған ауылының шығыс жағындағы сордан борайтын тұзды топырақтың мәселесі. Ауыл тұрғындары өз еркімен сор жағасына сексеуіл мен жыңғыл егіп көрген екен, нәтижелі болыпты. Енді осы үрдісті әрі қарай жалғастыру үшін демеуші керегін айтты.
Жармыш ауылының азаматы Жолдасбек Ешманов ауылына дәрігер керегін айтты. Бұл да көптен күн тәртібінде тұрған мәселе еді, әлі шешім таппай келеді. Сондай-ақ, Мұнайлы ауданы Қызылтөбе ауылында спорт кешені жоқтығы да айтылды.
- Жалпы, бұл мәселенің барлығы да жергілікті басқару органдары деңгейінде шешілетін нәрселер. Бірақ, бізбен кездесуде айтылған жайттар негізінде протокол түзіліп, сол бойынша жұмыстанатын боламыз, - деді Мәжіліс депутаты.