Маңғыстауда мүмкіндігі шектеулі балаларды «Иппотерапия» арқылы емдеу әдісі өркендеп келеді. Жаңаөзен қаласының тұрғыны Самат Әлен ерекше балаларға арналған "Нұр-Әлем" ат спорт клубын ашты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ол 2015 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің базасында «Иппотерапия әдісі бойынша оңалту негіздері» курсынан өткен. Самат мүмкіндігі шектеулі балалардың тірек-қимыл жүйесін емдеу үшін иппотерапия әдісін қолданып, оңалту-сауықтыру шараларын тегін ұйымдастырды.
Ол осы бағытта қарқынды жұмыс істеп, 2018 жылы Маңғыстау облысы паралимпиада, мәнерлеп жүру, ат спортының аға жаттықтырушысы болып тағайындалды.
2018 жылы оның шәкірттері Шығыс Қазақстан облысында өткен еліміздің ат спорты федерациясының кубогына қатысты. Нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі балалардың арасында өткізілген жарыста маңғыстаулық қатысушылар жүлделі орындарға ие болды. Бүгінде Самат Әленнің шәкірттері халықаралық деңгейдегі додаларда да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр.