Маңғыстауда көпшілікті алаңдататын экологиялық мәселе «Қошқар ата» қалдық қоймасы екені белгілі. 55 жылдан бері өңір экологиясының дертіне айналып, «өлі көл» атанған қауіпті аймақтың маңында 372 мың адам тұрады. «Көл» деп аталу себебі – үш зауыттың шайынды суы төгілген аумақтан зиянды элементтер ұшпауы үшін бетін сумен жауып тастауында. Мемлекет бұл мәселені қолға алғанымен, толықтай рекультивация жұмыстары әзір біте қойған жоқ.
Жалпы ауданы 66 шаршы километрлік аумақта 51,8 тонна радиоактивті қалдық бар. Ресми дерек бойынша, экологиялық тұрғыдан облыстағы ең қауіпті орын ретінде аталатын «улы көл» атанған «Қошқар ата» қоймасына өңірдегі Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатының үш зауытының 105 миллион тоннадан астам қалдығы жиналған және қалдықтар арасында жиынтық белсенділігі 11,2 мың кюри тонна әлсіз радиоактивті қалдық бар делінеді. Мамандардың айтуынша, оңтүстік-шығыс бөлігінде күкірт қышқылы зауытының өндірістік қалдықтары, оңтүстік бөлігінде химия-гидрометаллургиялық зауыттың радиоактивті қатты қалдықтары төгілген.
«Қошқар ата» Каспий теңізінен 8 шақырым, ал Ақтау қаласынан 4 шақырым қашықтықта орналасқан. 2019 жылы қалпына келтіру жұмыстарын мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсты жеңіп алған «Павлодар Өзен Порты» мекемесі жүргізетін болған. Жобаның құны – 15,5 миллиард теңге. Алайда, ол келісім-шарт жарамсыз деп танылған. Себебі, жеңімпаз компанияның бәсекелестері сотқа беріп, 2020 жылдың 13 наурызында жасалған келісімшарт алғашқы инстансаларда күшін жойып, жоғарғы сотта кассациялық жолмен қалпына келтірілген. Сонымен, ұзаққа созылған рекультивация жұмыстарының бірінші кезеңі наурыз айында басталған болатын.
Ал, «Қошқар ата» айналасында жасыл қорғаныс аймағын құру жобасымен «Маңғышлақ тәжірибелік ботаникалық бағы» айналысуда.
ЖАҒЫМСЫЗ ИІС ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?
Ақтау қаласының жоғары шағын аудандарындарының тұрғындары, әсіресе, кешкі мезгілде тыныс алу мүмкін емес, жағымсыз иіс өкпені атады деп шағымданған болатын. Олардың пікірінше, жағымсыз иіс «Қошқар атадан» келуі әбден мүмкін.
- Ол иістің нақты қайдан келіп жатқанын болжап айту қиын. Себебі, жел әрдайым біржақтан болмайды Маңғыстауда. Ол иісті мен де байқадым, кейде болады, кейде болмайды. Оған қатысты нұсқалар көп, жел арқылы «ҚазАзоттың» иісі келуі де мүмкін. Жақында ескі полигонды қазбалағаннан сол иіс пайда болды деген болжамдар да айтылды. Иіс «Қошқар атадан» шығып тұр деп қойманың рекультивациясы аяқталмай нақты айту қиын. Білуімше, Маңғыстау облыстық экология департаменті иіс анықтайтын арнайы дронға тапсырыс берген, - дейді «Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы, «Ecojer» қауымдастығының Маңғыстау бойынша экологиялық кеңес мүшесі Әділбек Қозыбақов.
Маңғыстау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Сағдат Хансейтовтің айтуынша, ауадағы иісті дрон арқылы анықтау жұмысын арнайы мамандар 15 тамыз күні бастаған.
- Иісті анықтауда қиындық туғызып отырған тұсы - тұрғындар айтқандай, жағымсыз иістің тұрақсыздығы. Кейде сағат түнгі он екі мен бір аралығы, кейде таңғы жеті-сегіз аралығында шығуы. Анықтау жұмыстарына «Қазгидромет» орталығы да жұмылдырылды. Қазір дрон арқылы өңірдегі ірі өндіріс ошақтарының маңын зерттеудеміз. Жағымсыз иістің нақты қайдан шығатынын міндетті түрде анықтап, алдағы уақытта шешімін хабарлаймыз, - деді С.Хансейтов.
ӨСІМДІКТЕРДІ ЖЕРСІНДІРУ КЕРЕК
Улы көлдің айналасында жасыл желектерді отырғызу «Маңғышлық тәжірибелік ботаникалық бағына» берілуін құптаймын дейді Әділбек Қозыбақов.
- Жасыл қорғаныш құруды аталған мекемеге тапсырғанын мен дұрыс деп есептеймін. Себебі, бұл - қаншама жылдан бері аймақта өсімдіктермен жұмыс жасап келе жатқан жалғыз мекеме. Қаншама зерттеулер мен сынамалар жүргізіп, өсімдіктерді жерсіндірді. Басқа мемлекеттен алып келіп отырғызатын өсімдіктерге қарағанда бұл мекемедегі өсімдіктер өлкеге біршама бейімделген. Алайда, бағасы жағынан сәл қымбатырақ болуы мүмкін. Жасыл белдеу болашақта тоғайға айналатын болса, онда рекультивация толығымен іске асты деп айтуға негіз бар. Ол жердегі су айдынын толықтай жауып тастау үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінуі керек. Екіншіден, су айдынынан радиация өтпейді, яғни бар болғаны суды сол деңгейде сақтап отыру керек болады, - дейді ол.
Сарапшының мәліметінше, 2005 жылы Маңғыстауға «Қазақстан қолданбалы экология агенттігі» зерттеу орталығынан бірнеше маман келіп, әр ауданға қатысты зерттеу жүргізген. Зерттеу барысында қай ауданнан қандай қатты тұрмыстық қалдықтар шығатыны, оның құрамы зерттеліп, қалдықтарды жою мен өңдеу бойынша ұсыныстар берілген. Алайда, ол зерттеу жұмыстары тәжірибе жүзінде іске аспай, нәтижесіз қалған сияқты.
Осыдан 14-15 жыл бұрын өзге аймақтарда қолға алынған «Жасыл белдеу» жобасын Маңғыстаудың барлық аудан орталықтарына қолдану бойынша жергілікті билік тарапынан ұсыныстар да болған екен. Бұл жөнінде Ә.Қозыбақов келесідей пікір білдірді:
-Біздің аймақ өзге облыстармен салыстыруға келмейді. Себебі, өзге аймақтарда ол белдеулерді отырғызғанда басында суарады, сосын жауын-шашын мен жердің ылғалдылығы ары қарай ол өсімдіктердің өсуіне жол ашады. Сексеуіл мен жыңғылдан басқа ештеңе өспейтін біздің өлкеге ол белдеулерді отырғызу тиімсіз деп ойлаймын. Ол жоба сол кезде қаралып, тиімсіз екендігіне көз жеткен соң, қолдау таппады. Қорыта келгенде айтарым табиғи жағдайға байыпты, жан-жақты зерделеп барып қарау керек. Жергілікті климатты, жағдайды басты назарда ұстау керек. Негізгі проблеманың бірі маман тапшылығы. Осы салада жұмыс істейтін өзге мамандық иелері жиі ауысып отырады, жұмыстың нәтиже бермеуіне бұл да себеп. Ал, осы саладан нанын тауып жүрген, қыр-сырын түсінген, ісіне жаны ашитын адам соңына дейін жеткізуге тырысады. «Қошқар ата» проблемасы 1994 жылдан бастап нақты көтерілді. 27 жыл ішінде бұл проблеманы шешетін уақыт болды,-дейді экологиялық кеңес мүшесі.
Оның пікірінше, аймақ табиғаты, экологиясына қатысты осындай мәселелерді шешуде бірнеше нұсқалар әзірленіп, халық талқысына ұсынылып, жергілікті сарапшыларға таңдау берілгені дұрыс.
400 МЫҢ ҚАРА СЕКСЕУІЛ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ
«Қошқар ата» улы көлінің проблемасын көтеріп жүрген экологтар көл айдынының кеуіп бара жатқанын, қойма¬дағы сұйық фазаның көлемі жылдан-жылға азайып, көлдің жағасы жалаңаштана түскенін айтып, дабыл қағуда. Қоймадағы судың көлемі 1992 жылы 72 шаршы шақырым болса, 2000 жылы 22 шаршы шақырымға дейін төмендеген.
Ал, Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаевтың айтуынша, 2021–2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттің нақтылауына бюджеттік өтінім жіберіліп, жобаны іске асыруды бастауға 1 миллиард теңге сомасында қаражат көзделген. Жобаны одан әрі қаржыландыру мәселесі енді заңнамада белгіленген тәртіппен 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде айқындалатын болмақ.
-Биыл наурыз айынан бастап, мердігер компания өз қаражаты есебінен жұмыстарын бастап кетті. Жасалған жұмыс нәтижесі – «Қошқар атаға» 300 мың м3 топырақ тасылып, 100 гектар жерге топырақ төселді, - дейді ол.
Ал, іргелес орналасқан елді мекендердің санитарлық-гигиеналық, экологиялық жағдайы және микроклиматты тұрақтандыру бойынша 2015- 2020 жылдар аралығында жалпы құны 253 миллион теңге жұмсалып, 88 гектар жерге 238 750 қара сексеуіл және жүзгін отырғызылып, жасыл желек өсірілген.
«Қошқар ата» қалдық қоймасы айналасында ауданы 150 гектар жасыл қорғаныш аймағын құру жобасы 2020-2025 жылдарға жасақталған. Аумаққа барлығы 400 мың түп қара сексеуіл көшеттері отырғызылмақ.
-Биыл 100 мың түп қара сексеуіл көшеттері отырғызылмақ деген жоспар бар. Алдағы үш жылда 70 гектар аумақты көгалдандыру қажет, - дейді Е. Әділбаев.
Жоспар бойынша қойманы залалсыздандыру жұмысы 2025 жылы толықтай аяқталады деп күтілуде.
P.S. «Маңғыстау» газетінің биылғы 17 тамыздағы 91-санында Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылының тұрғыны Жұмат Жарытегінің «Ақшұқырда су бар, ауа таза болса...» деген мақаласы жарияланды. Онда автор Ақшұқырда түнде және ертемен жағымсыз иіс шығатынын айтып, бұл келеңсіздіктің себебін сұраған болатын. Осы сауалдың жауабы жоғарыдағы «Улы көлден қашан арыламыз?» атты мақаладан табылады деген үміттеміз.
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА